Қосшыда ғасыр жасаған қария референдумда дауыс берді

Автор: Azattyq Rýhy

Нұрғасым Әжітаевтың 7 баласы, 10 немересі, 9 шөбересі бар

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшыда тұратын соғыс ардагері, ғасыр жасаған Нұрғасым Әжітаев референдум өтіп жатқан учаскеге келіп таңдау жасады әрі жиналған халыққа батасын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұрғасым Әжітаев 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген.

1928 жылы отбасымен Құлжабасы деген жерге қоныс аударып, 1930 жылы ашаршылыққа байланысты Семейге барып, 1933 жылға дейін сонда тұрған. Жеті жылдық мектепте білім алған. Әскери атағы - рота старшинасы.

1943 жылдың 15-қаңтарында  Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына тұрады.

Сол жылы Новосібір қаласының мергендер (снайпер) мектебін бітіреді. Курск шайқасында авиациялық қызметте атқыштар қатарында соғысқан.

Берлинді алуға жасалған шайқастарға қатысқан. 1945 жылдың 9-тамызы және 1945 жылдың 3- қыркүйек аралығында 293 атқыштар дивизиясы құрамында Жапониямен соғыста болған.

Жапонияны жеңгені үшін медалі, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медалі, Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 жылдары соғыс ардагері» белгісі, «Тың жерлердің негізі үшін» медалі, «КСРО қарулы күштеріне 50 жыл» медалі, Ұлы отан соғысындағы жеңіске 20, 40, 50, 55, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медалдарымен марапатталған. ҚР Президентінің атынан алғыс хат алған.

Соғыстан кейін Владивостоктың Артем деген қаласындағы әскери бөлімде комсомол ұйымында жетекші болып қызмет атқарады. Краснояр өлкелік съезге екі рет делегат болып қатысты.

1951 жылы Абыралы ауданы оқу бөлімінде «әскери инспектор» болып еңбек етті. 1952 жылы отбасы жағдайымен Шар қаласына  ауысып, теміржолда жұмыс істеді. Шаған деген жерде станция кезекшісі болды. 1957 жылы Қайнар ауылына көшіп келді.

Кейін Кеңшар директорының шақыруымен Қайнарда ағаш шебері болып 20 жыл еңбек етеді. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан. Шар қаласында 1952 жылы Нұрзиләт Құсайынқызымен отбасын құрған. 7 баласы, 10 немересі, 9 шөбересі бар. Кейіннен Қосшы қаласына қоныс аударған.

Айта кетейік, Қосшы қаласында бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап 12 референдум учаскесі жұмысын бастады. Референдумның алғашқы қатысушылары учаскелер ашылған сәттен бастап келді. Ең алғашқы қатысушыларға комиссия мүшелері сыйлықтар табыстады. Референдумға ағы буын және жастар өте белсенді қатысуда.

Референдум тәртібіне сай қаланың әрбір тұрғыны жеке дауыс береді. Бюллетень алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы қажет. Дауыс беру республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне сәйкес жүреді. Бұл тізімдер учаске аумағындағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген азаматтар негізінде әкімдіктер арқылы жасалған. Оған 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған Қазақстан азаматтары енді.