Референдум: Қосшы қаласының тұрғындары 12 учаскеде дауыс беріп жатыр
Қаладағы референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылған
Қосшы қаласының тұрғындары бүгін елімізде өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумға белсенді ат салысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап Қосшы қаласының 12 учаскесі республикалық референдум өткізу үшін өз жұмысын бастады. Референдумның алғашқы қатысушылары учаскелер ашылған сәттен бастап келді. Ең алғашқы қатысушыларға комиссия мүшелері сыйлық табыстады.Референдумға ағы буын және жастар өте белсенді қатысқанын байқауға болады.
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов ІТ мектеп лицейінде орналасқан №750 учаскеге келіп дауыс берді. Қала басшысы аталған учаскеде алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.
Сонымен қатар «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының Ақмола облысы бойынша жеңімпазы Қазанғаповтар әулеті референдумға келіп, дауыс берді. Отағасы Ыбырай Қазанғапов өзімен бірге немере, шөберелерін ерте келген.
Қаладағы сайлау учаскелерінің аумағында жергілікті өндірушілердің өнімдері қойылған жәрмеңке өтіп жатыр. Қала тұрғындарына сапалы және қолжетімді бағада табиғи көкөністер сатып алуға мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, референдум тәртіптеріне сай қаланың әрбір тұрғыны жеке дауыс береді. Бюллетень алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы қажет. Дауыс беру республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне сәйкес жүреді. Бұл тізімдер учаске аумағындағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген азаматтар негізінде әкімдіктер арқылы жасалған. Оған 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған Қазақстан азаматтары енгізіледі. Референдум нәтижесінде атом электр станциясын салуға қатысты шешім қабылданады.
Ақмола облысының тұрғындары өздерінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты мына сервистер арқылы ала алады:
- https://izbirateli.akmo.kz/ ресми веб-сервисте;
- Telegram-дағы SailauAqmolaBot чат-бот арқылы;
- бірыңғай Call орталығынан 109 телефоны арқылы.
Ақмола облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, облыс бойынша барлығы 786 референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр, оның ішінде Ақмола облысының аумақтық референдум комиссиясы бар. Оның жиырма қалалар мен аудандардың аумақтық референдум комиссиясы болса, 765 учаскелік референдум комиссиясы. Ондағы комиссия мүшесінің саны 4540 адамды құрайды, оның 147-сі аумақтық референдум комиссиясының және 4393-і учаскелік референдум комиссиясының мүшелері.