Қазақстанның спорт және өнер майталмандары референдумға қатысып жатыр

Темірхан Айжан

Ақын, драматург Нұрлан Оразалин бүгінгі күнді тарихи күн деп бағалады 

Қазақстанның спорт және өнер майталмандары референдумға қатысып жатыр
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов, танымал композитор Мұрат Құсайынов, атақты драматург Нұрлан Оразалин рефенрендум учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында орналасқан №361 сайлау учаскесінде дауыс берген белгілі спортшы Ермахан Ибраимов: 

«Референдумға қатыса отырып, өзімнің азаматтық ұстанымымды көрсетемін. Әрбір қазақстандықтың міндеті – осындай мәселеде шетте қалмауы тиіс», – деді.

Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, композитор Мұрат Құсайынов Орталық стадион аумағында орналасқан № 262 сайлау учаскесіне келді. 

«Бүгін біздің мемлекетіміз үшін айтулы күн. Ел бірлігі біздің қолымызда. Мен референдумға келіп, елдің мүдделері мен азаматтардың әл-ауқатын басшылыққа ала отырып, өз таңдауымды жасадым. Бұл біздің еліміздің және біздің ұрпағымыздың болашағы үшін үлкен шешуші сәт», - деп атап өтті танымал композитор.

Ақын, драматург Нұрлан Оразалин Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткен референдумға қатысып,  №125 мектепте орналасқан №301 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.

«Мен Қазақстан азаматы ретінде конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Өйткені ел тағдыры – менің тағдырым, балаларымның, халқымның тағдыры! Бүгін біз үшін тарихи күн. Бұл референдум – демократиялық құндылықтың көрсеткіші. Қазіргі таңда бізге көптеген мүмкіндік ұсынылып отыр. Біздің елімізді бүкіл әлем бақылап отыр, сондықтан қазақстандықтар бірлік танытып, конституциялық құқығын дұрыс пайдалануы керек деп санаймын», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Алматылықтар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін өз дауыстарын бере алады. Қалада барлығы 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.