Өмірлік тәжірибеме және азаматтық ұстанымыма сүйеніп дауыс бердім – Мұрат Әбенов

Ол да АЭС туралы оң шешім қабылданса, оны халықаралық консорциум салуы керек деп санайды

Өмірлік тәжірибеме және азаматтық ұстанымыма сүйеніп дауыс бердім – Мұрат Әбенов
Фото: Мұрат Әбеновтің Facebook парақшасынан алынды

Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов АЭС құрылысы жөніндегі республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат референдумда дауыс берген соң, желідегі парақшасында «Елдің болашағын таңдау құқығымды іске асырдым» деп пост жазған.

«Республика деген ұғымның түпкі ерекшелігі - халық билігі. Әр адам мемлекеттің маңызды шешімдер бойынша өз біліміне, тәжірибесіне, саяси ұстанымына, адами құндылығына сүйеніп таңдауын жасауға құқығы бар. Ол құқығын іске асыру негізгі құралдары Сайлау және Референдум!  Сайлау жиі болып тұрады. Ол мемлекеттік билікті заңдастыру құралы – бұл саяси топтар үшін қызығушылығы жоғары болатын шара. Халық өзі сенгендеріне өкілетті билікті шектелген мерзімге  тапсырады. Дұрыс болмаса келесі сайлауда саяси таңдауын өзгертуге құқығы бар. Ал Референдум әр мемлекеттің дамуында орны ең жоғары деңгейде тұрады –  ел мүддесі үшін аса маңызды шешім қабылдарда азаматтар өз өкілдері арқылы емес, өздері тікелей келісімдерін беріп-бермеу арқылы шешім қабылдайды», - деп түсіндірді Әбенов.

Оның айтуынша, дамыған мамлекеттерде референдум азаматтардың мемлекет басқару жұмысына тікелей араласудың негізгі құралы деп түсінеді.

«Мұның негізінде : "Мен салық төлеймін, мен бұл мемлекеттің иесімін, менің атымнан билік өз қызметін атқарады, мен маңызды мәселені өзім шешуім керек" - деген азаматтық ұстаным. Бүгін біздің мемлекетімізде сондай маңызды күн. Өз құқығымды пайдаланып мемлекетіміздің болашағын таңдау жасап қайттым. Өз біліміме, өмірлік тәжірибеме, азаматтық ұстанымыма сүйеніп дауыс бердім. Үйге келген соң балаларыма, немерелеріме неге ондай таңдау жасағанымды түсіндірдім: "Сендердің жарқын болашақтарың үшін қызмет" – дедім», - дейді депутат.

Мұрат Әбенов те елімізде АЭС салу туралы шешім қабылданса, оны халықаралық консорциум салуы керек деп есептейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.