АЭС бойынша референдум: қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ – ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

18 мың полицей референдум учаскелерінде қызмет атқарып жатыр

Фото: ОКҚ сайтынан

Бүгін прокуратура органдары республикалық референдумды өткізудің заңдылығын қадағаласа, ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов референдум күні, яғни бүгін үгіт-насихатқа тыйым салынғанын еске салды. Сондай-ақ, сауалнама нәтижелерін масс-медиа мен онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейді.

«Учаскелік комиссиялардың дауыс беруге арналған үй-жайларда да осындай сауалнамалар жүргізуге де тыйым салынады. Осы талаптарды сақтамау Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптары бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Қазіргі уақытта мұндай фактілер туралы хабарламалар түскен жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қарамановтың айтуынша, референдум туралы барлық өтінішті соттар мен прокуратура органдары бүгін дереу қарайды.

«Дауыс беру процесі құқықтық алаң аясында өтіп жатыр. Референдум комиссиялары мен мемлекеттік органдар тарапынан заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдум өткізудің заңдылығын қадағалауды жалғастырамыз», - деді Бас прокуратура өкілі.

Сондай-ақ бүгін ел бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға 33 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылған. Оның ішінде 18 мың полицей 10 мыңнан астам референдум учаскесінде қызмет атқарып жатыр.

ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, басшы және командалық құрамның тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.

«Қазіргі уақытта, қоғамдық тәртіптің бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдум учаскелерінде алдын ала комиссиялық тексерістер жүргізілді. Олардың техникалық талаптарға сәйкестігі, өртке қарсы қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғалуы қаралды. Бұл нысандардың барлығы тәулік бойы күзетке алынды», - деді ол.

Айта кетері, полиция қызметкерлерінің референдум өткізу процесіне араласуға, сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайларда болуға құқығы жоқ. Олар дауыс беру залына Комиссия төрағасының шақыруымен ғана кіреді.

Азаматтар сайлау және республикалық референдум туралы заңның бұзылуы туралы өтініш түсірген жағдайда ішкі істер органдарының кезекші бөліміне ақпарат жіберіп, прокуратура органдарын хабардар етеді.

«Ішкі істер министрлігі ел тұрғындары мен қонақтарын заңды сақтауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады», — деді Әлекешев.