$ 491.71  529.97  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.10.2024, 18:00
Қоғам

Қызылтастың бірегей петроглифтері мемлекет қорғауына алынды

Шатқалда «Таза Қазақстан» аясында эко-акция өтті

Қызылтастың бірегей петроглифтері мемлекет қорғауына алынды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

«Таза Қазақстан» акциясы аясында бүгін Талдықорған қаласында «Қызылтас – Тасбақа» экологиялық акциясы өтті. Шара барысында Қызылтас шатқалының аумағына тақта орнатылды.  Енді Қызылтастың бірегей петроглифтері – мемлекет қорғауында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Эко-акцияға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, қала әкімі Ернат Бәзіл, қоғам белсенділері, өңір жастары, эко-еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатысты. Шара барысында Қызылтас аумағындағы бірегей петроглифтер жергілікті маңызы бар қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгендігі туралы тақта орнатылды.

«Ел көлемінде өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы – аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының, жас ұрпақтың иық тіресуімен бірге атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың туған өлкенің табиғаты мен тарихына деген сүйіспеншілігін, жер алдындағы жауапкершілігін өте жақсы тәрбиелейді және адамдардың экологиялық сауаттылығын арттырады!», - деді «Қазақстан студенттер Альянсы» Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы, эковолонтер Ескендір Амандос.

Сондай-ақ Текелі қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Торғын Тұрлыбаеваның қатысуымен «Жан мен тәннің тазалығы – рухани тазалықтың өзегі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада қала жастары, эко-еріктілер бас қосты. Шара барысында жастар табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде пікір алмасты.

Айта кетері, Жетісу облысында «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасын тауып келеді. Тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болған экологиялық шараға бүгінде 200 мыңға жуық адам атсалысып, түрлі тазалық шараларына қатысуда белсенділік танытып жүр.

Жалпы «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Жетісу облысы бойынша барлығы 1 611 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 7 793 тонна қоқыс шығарылып, 30 726 түп ағаш отырғызылды.

Серіктес жаңалықтары