Депутат маркетплейс арқылы нәпақасын айырып отырған азаматтардың мұңын жеткізді

Мәжілісмен таңбалау талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған

Депутат маркетплейс арқылы нәпақасын айырып отырған азаматтардың мұңын жеткізді
Фото: primeminister.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге онлайн сауда алаңдары мен тауарларды таңбалау проблемалары туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Халықпен кездесуде әлеуметтiк жағынан осал топтағы жандар маркетплейс арқылы нәпақасын тауып жатқандығын жеткізді. Алайда олар біршама кедергілерге тап болып отыр», - дейді мәжілісмен.

Бірінші –  тауарды таңбалау талабы.

Депутаттың айтуынша, ірі бизнес, яғни көтерме сатушылардың көбісі бұл талапты сақтамайды және таңбаланбаған тауарларды сатады. Ал олардың бұл іс-әрекеті шағын кәсіп иелеріне зиян тигізіп отыр.

«Себебі кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрі бола тұра, қажетті шарттар толық орындалмайды. Таңбалау бойынша міндетті талаптар сақталмайды. Өз кезегінде уәкілетті операторлар мен ірі импорттаушылар салғырттық танытып тұр. Солардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерінен салық төлемдері де дұрыс түспейді. Елімізде салық түсімдері бойынша орындау жоспарына сәйкес 2,4 трлн теңге қаражат бюджетке түспеген», - деп мәлімдеді Жайымбетов.

Екінші мәселесі тауарларды заңсыз әкелуге қатысты. Депутат кеден органдары тарапынан бақылау жеткіліксіз деп санайды. Өйткені кедендік бақылау пунктінен миллиардтаған қаражат айналымы өтіп жатыр.

«Қазір Қытай мен Қазақстан арасында сауда қайнап жатыр! Заңды тауар өткізіп жатса жақсы, ал заңды белшесінен басып жүргендер қаншама? Кеден бекеттерінде таңбалау мен қауіпсіздік алғышарттардың бірі болуы қажет. Бізде маркировка алмағаны үшін айыппұл көзі де қарастырылмаған. Сол маркировканың талабы мен машақаты қиын ба, белгісіз, көп азаматтарымыз көрші мемлекеттен қойма ашып, салықтарын сол мемлекетке төлеп жүр. Бізде оңтайландыруға кім кедергі?», - дейді депутат.

Азаматтарды мазалайтын үшінші проблема –  таңбалау қызметіне жауапты сайттың жұмысы.

«Елімізде маркировканы беретін жалғыз мекеме - «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС. Әсіресе, жалғыз маркировка бойынша дара сайт ismet.kz жұмысын әлі де жетілдіруді талап етеді. Аталған сайт қарапайым халыққа түсінікті және үздіксіз жұмыс жасау қажет. Жалпы, бұл мекеме ашықтықтың қайнар көзі болуы тиіс. Ал, осы мекемеде жұмыс шикі болса, маркетплейс арқылы өз арбасын өздері сүйретіп жүрген шағын кәсіпкерлерге кедергісін тигізеді. Бүгінде интернет сауда арқылы бала-шағасын аузына сары май құймаса да, өз жыртығын бүтіндеп жатқан халық жетерлік!», - дейді Жайымбетов.

Осыған байланысты мәжілісмен үкіметке бірнеше ұсыныс тастады:

  • міндетті тауарларды таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті қайта қарап, күшейту;
  • интернет сауда алаңдарын зерделеп, талаптары мен пайыздық мөлшерлемерін төмендету бойынша маркетплейс өкілдерімен жан-жақты келіссөз жүргізу;
  • Қазақстандағы маркировка қызметіне жауапты Ismet.kz платформасында тауарлармен айналысатын бөлшек саудадағы адал бизнес жүргізіп отырған кәсіпкерлерге ел аумағына импортталып қойылған тауарларды қайта таңбалауға мүмкіндік беру;
  • «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС мекемесін мемлекеттік органның қарамағына беру және жұмыстарына жүйелі түрде сараптама жүргізу.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.