Ақтөбе әкімі қарияларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады
Ақтөбе қаласында 56 мыңнан астам зейнеткер тұрады
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтап шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімі алдымен Құбайдолла Бітіковтің үйіне барды. Әкесі шопан болған Құбайдолла Бітіковтің өзі де Қобда, Қарабұтақ, Ырғыз аудандарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. “Еңбек Қызыл ту”, “Құрмет белгісі” ордендерінің, “Ерен еңбегі үшін”, “Тыңға 50” медальдарының иегері болған ақсақал өмірі мен еңбек жолы туралы өнегелі әңгімесімен бөлісті. Жасы 86-ға келген ардагер құдай қосқан қосағы Мәншүк Ыбырайқызымен 6 баласынан көрген 30 немере-шөберенің ортасында зейнет демалысында.
«Мерекелеріңіз құтты болсын! “Қарты бар елдің - қазынасы бар” деп қазақ бекер айтпаған. Сіздердің еңбек жолдарыңыз, өмірлік тәжірибелеріңіз - біз үшін өнеге. Отбасы құндылығын, ата-анаға, үлкенге деген құрметті жас ұрпаққа сіздер арқылы насихаттаймыз. Денсаулық, ұзақ ғұмыр тілемін», - деп тілегін білдірді Азамат Бекет.
Содан кейін Азамат Бекет “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпазы Нұрбаевтар отбасына барды. Өмірлерін ауыл шаруашылығы саласына арнаған қарапайым еңбек ардагерлері Қыдырбай мен Лиза Нұрбаевтардың биыл отасқанына 50 жыл толды.
40 жыл ауылда мал дәрігері болған Қыдырбай аға мен шаруашылықта аспазшы болған Лиза апайдың балалары дәрігерлер мен мұғалімдер. Биыл бұл отбасы “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің лауреаты атанып, Мемлекет басшысының Алғыс хатын алды. Қос қария қазір 4 баласынан тараған 12 немеренің тәрбиесімен айналысып отыр.
Қала әкімі мерейлі отбасының өнегесін жастарға үлгі ету керектігін айтып, қарияларға денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Айта кету керек, Ақтөбе қаласында 56 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Жасы 100-ден асқан 4 қария бар. Егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 10 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап ақтөбелік зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жол жүре алады.