Өгей қызын зорлаған: көрші елдерде қылмыс жасаған шетелдіктер Қазақстанда жасырынған

Жыл басынан бері ел аумағында 642 шетелдік қылмыскер ұсталды

Өгей қызын зорлаған: көрші елдерде қылмыс жасаған шетелдіктер Қазақстанда жасырынған
Фото: Polisia.kz

Өткен аптада Қазақстанның ішкі істер министрлігіне қарасты криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері көршілес мемлекеттерде іздеуде жүрген шетелдік қылмыскерлерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ ақпаратынша, Түркістан облысында Ресейдің Самара қаласында 2023 жылы сәуірде өзінің танысын өлтірген Тәжікстан азаматы ұсталды. Ол былтыр қазан айынан бері іздеуде болған.

Алматы облысы Қаскелен қаласында 2021-2023 жылдар аралығында Ташкент облысында көппәтерлі үйлерді жөндеу барысында жалған құжаттар арқылы алаяқтық жолмен 180 млн 476 мың сом иемденген Өзбекстан азаматы қолға түсті. Ер адамға 2023 жылдың қарашасында іздеу жарияланған.

Бішкекте өзінің өгей қызын зорлаған 47 жастағы Түркия азаматы Алматы қаласында ұсталды. Оған Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдары іздеу салған.

Сондай-ақ Қызылордада екі жыл бұрын Сочи қаласының тұрғынын алдап, 1 млн рублін алып, өз қажеттілігіне жұмсап жіберген 30 жастағы ресейлік ұсталды. Осы жылдың сәуір айынан бастап іздеуде болған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері іздеуде жүрген 1495 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен мыңнан астам азаматтың мекенжайын анықтады. Бұған қоса еліміздің аумағында шет елдерде іздеуде жүрген 642 қылмыскер ұсталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.