Елордадағы 8 қызмет орталығының барлығы жұмысына қайта кірісті
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штаб шешімімен, 12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтандағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданды. Azattyq Rýhy тілшісі Мәңгілік ел, 30 мекенжайындағы халыққа қызмет көрсету орталығында болып қайтты.
Алайда, коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгертілген. Енді орталықтар электронды форматта қолжетімсіз құжаттарды ғана алу үшін келгендерге қызмет көрсетеді. Яғни, тек «қағаз жүзінде» рәсімделетін құжаттар беріледі. Келушілер алдын ала электронды кезекке тұруы тиіс.
«Кезекті 1414 нөмірі немесе egov.kz сайтында немес egovmobile қосымшасы арқылы брондай алады. Адамдар өте көп келіп жатыр. Екі айдан бері қызмет ала алмағанын да түсінеміз. Орталыққа кіру үшін маска болуы тиіс. Санитарлық талаптарды орындау керегін айтып жатырмыз», - дейді Мәңгілік ел, 30 мекенжайындағы халыққа қызмет көрсету орталығының бірінші бөлім басшысы Бекзат Атабек.
Орталық алдына арнайы бөгет қойылған. Карантин тәртібінің сақталуын қадалағалап тұрған бірнеше күзетші бар. Тұрғындарға волонтерлер көмектеседі. Өйткені, келуішілердің көбі электронды кезек алу керектігінен хабарсыз. Оның үстіне маскасыз келетіндер де жоқ емес. Мұндай азаматтар ішке жіберілмейді.
«Маскасыз келіп жатқан адамдар бар. Мұндай азаматтарға маска мен перчатка бердік. Алайда, тұрғындар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы тиіс екенін ұмытпаса дейміз. Шамамен 3 адамнан ғана кіргізіп жатырмыз», - дейді волонтер Мәди Аманқұлов.
Жұмысын қайта бастаған ХҚО қағаз жүзінде берілетін 97 қызмет түрі бойынша жұмыс істейді. Қалған 435 қызмет түрі электронды форматқа ауыстырылған. Орталықтар күн сайын таңертеңгі 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі демалыс.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан