Мерзімі өтіп кеткен құжаттар 10 шілдеге дейін жарамды болады – ІІМ
Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды

Төтенше жағдай кезінде еліміздің көптеген азаматы жеке куәлігінің немесе басқа да құжатының мерзімі өтіп кеткеніне байланысты қиын жағдайда қалды. Бүгін осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі жеңілдік қарастырылғанын жариялады.
Енді жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжат үшін 10 шілдеге дейін айыппұл салынбайды.
Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты, 26 наурыздан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтатып, бірқатар қызметтер, атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжаттарды қайта рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетілмеді. Осы ретте Қазақстан Үкіметі азаматтардың кейбір құжаттарын жарамды деп тану туралы қаулы қабылдады. Оған мына құжат түрлері кіреді:
- «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 6-бабында көрсетілген жеке басын куәландыратын құжаттар;
- Жүргізуші куәлігі, оның ішінде міндетті техникалық тексеруден өткенін куәландыратын уақытша құжат;
- Азаматтық және қызметтік қару алуға, сақтауға, ұстауға және оған патрон алуға берілетін рұқсат қағазы;
- Қазақстанға кіріп-шығуға арналған виза, Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға, еңбек мигранттарына және жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсат қағаздар мен пана іздеген адамның куәлігі.
Ендігі ретте, төтенше жағдай кезінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жоғарыда көрсетілген құжаттардың күші жойылған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде, яғни ағымдағы жылдың 10 шілдесіне дейін жарамды деп танылады.
Ал, төтенше жағдай кезінде 16 жасқа толған Қазақстан азаматтары үшін жеке басын куәландыратын негізгі құжат - бұл туу туралы куәлік немесе паспорт болады.