Қаз-қалпында: Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктер қайта жүре бастады
Автобустар сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін қатынайды
Шамамен екі айға созылған үзілістен кейін елордада қоғамдық көліктің жұмысы қайта жанданды. Автобустар сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін қатынайды. Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктердің қозғалысы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Бірінші кезеңде қалалық бағдарлар шықса, екініші кезеңде қала маңына қатынайтын бағдарлар шығады.
Қоғамдық көліктерде дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Сол шараларды жолаушылар да сақтауы қажет.
Сондай-ақ жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатады. Жол жүру үшін көлік карталарын және жолақысын төлеудің балама тәсілдерін қолдануға болады. Олар: SMS, QR-код және мобильді қосымшалар. Карантин енгізілгенге дейін қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98%-ды құрады. CTS компаниясы карантин кезінде автобус карталарындағы төлемді іске қосып үлгермеген астаналықтарға ақпарат берді.
«Картаға аударып үлгермеген төлемдерді бір тізіммен қайта аударамыз. 5 күн ішінде ол картаңызға түседі. Бұл төлемді 15 күннің ішінде «жандандыру» керек. Оны іске қосу тәсілдері: автобус ішіндегі валидатор; RTVM-автоматтар; кассалар. Төлемді «жандандыру» үшін валидаторға немесе RTVM-автоматқа картаны қойып, 5-7 секунд ұстап тұру қажет. Іске қосылған барлық төлем мерзімсіз сақталады», – дейді CTS компаниясы.
Атап өтсек, Transcard, Kaspi.kz, басқа мобильді қосымшалар немесе QIWI, Касса24 төлем терминалдары арқылы қашықтан толықтырылған төлемді 15 күн ішінде «жандандыру» қажет.