Халықтық штабтың мүшелері Қосшы қаласында бірнеше кездесу өткізді
Зауыт ұжымы өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды

Халықтық штабтың мүшелері темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Қосшы қалалық халықтық штабтың мүшелері, «AMANAT» партиясы Қосшы қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық халықтық штабтың жетекшісі Рахымжан Сейдахметов, қала мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков, қала мәслихатының депутаты Динара Райханова қаладағы бетон өнімдерін шығаратын «Сапа су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Штаб мүшелері мемлекетіміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігін, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігін, олардың жұмыс істеу принциптері және қоршаған ортаға, адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратпен бөлісті.
Өз кезегінде кәсіпорын жұмысшылары АЭС мәселесі бойынша көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өз пікірлерін білдірді. Штаб мүшесі Әлихан Қуатбеков еліміздің болашағы үшін АЭС-ның қажеттілігіне тоқтала келе өндіріс орындарының тоқтаусыз жұмыс істеуі, әрі өндірістік қуатын арттыра түсуде энергия тапшылығы барын атап өтіп, нақты статистикалық мәліметтер берді.
Қазіргі күннің өзінде еліміз жыл сайын шамамен 4-5 млрд кВт/сағ электр энергиясын сырттан импорттайды. Негізінен, бұл электр қуаты еліміздің солтүстік өңірінен оңтүстік өңірге жөнелтіледі. Аталған аймақтарда энергия тапшылығы байқалады.
Жиын соңында зауыт жұмысшылары халқымыз үшін маңызды шешімнің қабылдануына өз қолдауларын білдіріп, 6 қазан күні өтетін референдумға белсене қатысатынын жеткізді. АЭС - елді қуатты ете түсу үшін маңызды.
Сонымен қатар Атом электр станциясын қолдау жөніндегі Қосшы қалалық халықтық штабтың мүшелері қала тұрғындары және ардагерлермен де кездесті.
Жиында штаб мүшелері еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігін, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігін, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратпен бөлісті.
Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі халыққа дәстүрлі жолдауында осы жылдың 6 қазанында АЭС қатысты референдум өтетінін айтты.
«Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», - деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақмола облысының тұрғындары өздерінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты мына сервистер арқылы ала алады:
- https://izbirateli.akmo.kz/ ресми веб-сервисте;
- Telegram-дағы SailauAqmolaBot чат-бот арқылы;
- бірыңғай Call орталығынан 109 телефоны арқылы.