$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.09.2024, 04:00
Қоғам

Қостанайда жүйелі түрде пара алып отырған шенеуніктің соты өтіп жатыр

Жалпы пара көлемі 1 млн 750 мың теңгені құраған

Қостанайда жүйелі түрде пара алып отырған шенеуніктің соты өтіп жатыр
Фото: Наша газета

Қостанай қаласының №2 сотында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ директоры Жәнібек Кеңесбековке қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Наша газета сайтына сілтеме жасап.

Кеңесбековке филиал директорларынан, соның ішінде Қостанай филиалының директоры Аманкелді Құлмұханбетовтен пара талап еткені үшін айып тағылуда.

«Заңсыз ақшалай сыйақыны сенімді адамдар мен Kaspi мобильді қосымшасының көмегімен туысының шотына ақша аудару арқылы алған. Биылғы жылдың қаңтар айында Қостанай облысы филиалының директорына оның үстінен тәртіптік жаза қолдану туралы анонимді хабарлама келіп түсті. Кеңесбеков анонимді хабарламалар қарастырылмайтынын біле тұра, Құлмұханбетовтен оған тәртіптік жаза қолданбау үшін 50 000 теңге пара сұраған», — деп хабарлады мемлекеттік айыптаушы Марат Бисімбаев.

Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін Кеңесбеков Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарындағы филиал директорларынан да ақша алып отырған. Параларды есептерге қол қою, іссапар ақысын есептеу, қымбат қонақүйлерде тұру шығындарын өтеу үшін берген. Жалпы пара көлемі 1 млн 750 мың теңгені құраған.

Дегенмен, тек Қостанай филиалының директоры ғана оған қатысты Антикоррупциялық қызметке шағым түсірген. Құлмұханбетов кезекті параны осы қызмет өкілдерінің бақылауымен аударған. Кеңесбеков үй қамағына алынған.

Істі қарау Қостанай қаласының №2 сотында басталды. Бастапқыда ол қарапайым тәртіпте қаралған, алайда өткен сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындайтыны туралы процестік келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бүгін прокурор келісім жасалғанын хабарлады.

«Осыған байланысты айыпталушыға параның 35 еселенген сомасы, яғни 61 250 000 теңге көлемінде айыппұл салуды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұраймын», — деді прокурор пікірталас кезінде.

Кеңесбековке тағылған бап бойынша айыппұл пара сомасының 60-70 еселенген мөлшерінде, немесе 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда, ол процестік келісімге келгендіктен, айыппұл мөлшері екі есе азайтылды.

«Сіз үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде 61 250 000 теңге төлемді төлей аласыз ба?», деп сұрады судья Анара Шаймұрынова айыпталушыдан.

Айыпталушы бұл соманы төлей алатынын айтты.

Үкім бүгін, 25 қыркүйекте жарияланбақ.

Серіктес жаңалықтары