Тойхана, кинотеатрлар ашылмайды. Елордада 12 мамырдан бастап жұмысы жанданатын мекемелер анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ертеңнен бастап қоғамдық көліктер қайта жүре бастайды

фото: mega.kz

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус пандемиясының қаупі әлі сейілмегендіктен, төтенше жағдай режимі аяқталса да карантиндік шектеулер сақталады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты.

Қалада жаппай мерекелік, спорттық, отбасылық шаралар, той өткізуге болмайды. Сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, діни орындар және тағы басқа адам көп жиналатын нысандар ашылмайды. Дегенмен, қоғамдық көліктер іске қосылады.

«Ертеңнен бастап қоғамдық көліктерді толықтай қайта іске қосамыз. Бұл туралы қосымша ақпарат беріледі», - деді Б. Мәкен.

Қалаға баяғыдай тек жұмыс істейтіндер ғана рұқсатпен кіріп-шыға алады. Ертең Нұр-Сұлтан қаласында ашылатын орындардың қызметкерлерінің тізімі жасалмақ. Бақтияр Мәкеннің айтуынша, 20 сәуірден бастап үш кезеңде 250 мың адам жұмысына оралған.

«Азаматтар көшеге маска тағып шығып, қашықтықты сақтап серуендей алады. Парк, сквер, жағалауларда 3 адамнан артық емес топ серуендей алады. Бүгін барлық саябақ ашылды. Азық-түліктік емес базарлар да ашылады. Бизнес орталықтар, сақтандыру компаниялары, адвокаттық, бухгалтерлік, консалтингтік кеңселер, жылжымайтын мүлік агенттіктері жұмысын бастайды. Спорттық нысандар 30 адамдық шектеумен оқу-жаттығы өткізе алады. Мәдениет орталықтары, театрлар да 30 адамнан артық емес көлемде жиналып, репетиция жасайды. Баспаханалар, тігін, ателье орталықтары, аяқ киім жөндеу, химиялық тазарту, басқа да адам көп жиналмайтын орталықтар да жұмысын бастайды. Сонымен бірге Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бәрі жұмыс істейді», - деп айтты Б.Мәкен.

Мектепке дейінгі орталықтар, балабақшалар, үйірмелер де ашылмақ. Бірақ оларға ЖРВИ белгісі бар балалар кіргізілмейді. Мектептер, ЖОО мен колледждер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.

Қала әкімінің орынбасары карантин кезінде полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтінін, ережені бұзғандар қатаң жазаланатынын ескертті.

«Қала айналысындағы 7 блок-бекет карантин режимі біткен соң ғана алынады. Бірақ, қала тұрғындары басқа жақтан автокөлікпен қайта алады, оның алгоритмін жасадық. Азаматтар қалаға келген соң коронавирусқа тапсырған тест нәтижесіне қарамастан міндетті түрде 14 күнге дейін карантинде болуы тиіс. Олар денсаулығы нашарлап жатса, ауруханаларға өздері жүгіне алады», - деді ол.