Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Атырауда ірі көлемде пара алды деп айыпталған ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау қаласының №2 сотында лауазымды тұлға бола тұра, бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге және жалпы қамқорлығы үшін ШҚ басшысынан 500 мың теңге пара алды деп айыпталған облыстағы ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Ол БҚО инспекциясының бас маманымен және ветеринариялық инспекторымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған. Өз кезегінде, БҚО инспекциясының бас маманы және ветеринарлық инспекторы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар бола тұра, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында жалпы қамқорлығы үшін ЖК директорынан 1,8 млн теңге пара алған. ЖК директоры және ШҚ басшысы ҚР шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара ретінде 3,3 млн теңге мен 500 мың теңгені жеке өздері берген», - делінген сот хабарламасында.
Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәлардың айғақтарымен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен өз дәлелін тапты.
«Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Осылайша инспекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. ЖК және ШҚ басшыларына - пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.