Өскеменде қорғаншы отбасы асырауындағы қызды ұрып-соққан: полиция тергеу бастады
Іс барысында қыздың үйден бірнеше рет қашып кеткені анықталды
Өскеменде қамқорлықтағы кәмелетке толмаған бала физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ағымдағы жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкіліне кәмелетке толмаған қызды ұрып-соғу фактісі бойынша «Аналар Үйі» ресурстық орталығының өңірлік маманынан оның құқықтарын қорғауға жәрдемдесу туралы өтініш келіп түсті.
«ШҚО бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің бастамасы бойынша бұл факт кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы шеңберінде талқылауға шығарылды. Оған сондай-ақ ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, қорғаншылық органдары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция өкілдері, білім беру саласының мамандары, психологтар қатысты», - делінген хабарламада.
Отырыс барысында қыздың үйден бірнеше рет қашып кеткені анықталды, ал оралғаннан кейін физикалық зорлық-зомбылықтың іздері, сондай-ақ тері аурулары анықталды. Жасөспірімнің физикалық және психологиялық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланды.
«Өскеменнің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиясы қалалық қорғаншылық және қамқоршылық органдарына қорғаншының міндеттерін орындамауына байланысты қорғаншылық құқығынан айыру туралы мәселені қарауды ұсынды. Сонымен қатар, жасөспірімдерді бейімдеу орталғының басшылығына кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу фактісі бойынша өтініш беру ұсынылды. Алайда, аталған уәкілетті органдар баланы ұрып-соғу фактісінің мән-жайларын анықтау бойынша шаралар қолданбай, зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасына қайтарды», - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Тамыз айында Омбудсмен өкілі ШҚО бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шеңберінде ШҚО прокуроры мен ШҚО полиция департаменті бастығының атына кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу және объективті тергеу жүргізу фактісі бойынша, оның ішінде бала құқықтарының бұзылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселені қарауды сұрап ұсыныс жолдады. Сондай-ақ, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының іс-әрекеттерінің заңдылығына тексеру жүргізу ұсынылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Өскемен полиция басқармасының Сол жағалау полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың дене жарақатын алудың объективті фактілерін анықтау мақсатында ҚР ҚК 109-1-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.