«Жастарға бөгет болып жатқан жоқпын»: зейнетке шыққан экология министрі қуатым тасып тұр дейді (ВИДЕО)
Тамыз айында Нысанбаев 63 жасқа толды
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев зейнеткер атанса да, қызметін әрі қарай жалғастыра беретінін, оған күші мен қуаты да жететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрге бір ай бұрын зейнет жасына толғанын еске салып, қызметін қатар алып жүре ме, жоқ па, соны сұрады.
«Мен зейнетақымды да, жалақымды да ала беремін. Мемлекет басшысы өкілеттігімді ұзартты, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сол себепті мен қызметімді жалғастырамын, осы жұмыста өз Отаныма пайдамды тигізуге тырысамын. Неге десеңіз, менің белгілі бір жұмыс тәжірибем бар. Жалпы әрбір адам бір уақыт өткеннен кейін артына қарап өмірлік тәжірибе мен өз жұмысынан алған тәжірибесі баға жетпес дүние екенін түсінеді деп ойлаймын. Мен бұл саланы жақсы білемін, сондықтан өз пайдамды тигіземін деп ойлаймын», - деп жауап берді Нысанбаев.
Осы орайда журналист «жастарға жол беру деген де бар емес пе» деген сауал тастады.
«Аға буынның да жұмыс істеуге құқысы бар деп ойлаймын. Неге? Себебі қазір менің күшім де, қуатым да көп, білімім де, тәжірибем де бар. Жалпы қазақтың салт-дәстүрінде үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішіге ізет деген жақсы сөз бар. Сол себепті мен жастардың жолына бөгет болып, олардың жолын қиып жатқан мен жоқпын», - дейді министр.
Нысанбаев зейнетақыға құжаттарын тапсырып қойғанын айтты. Өз есебінше, зейнетақысы айына шамамен 160 мың теңге шығып тұр.
Айта кетері, Ерлан Нысанбаев 11 тамызда 63 жасқа толды. 2023 жылдың қыркүйегінен бері экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарады.