Заитов халықтан қашып жүрген басшыларды Бас прокурорға айтып берді

Azattyq Rýhy

Депутат Бас прокурорға депутаттық сауал жолдай отырып, азаматтарды қабылдау мәселесіе қозғады

Заитов халықтан қашып жүрген басшыларды Бас прокурорға айтып берді
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ринат Заитов халықты қабылдамайтын басшылар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында «ашықтық пен әділеттілік» қағидатын үнемі айтады. Бірақ, Заитов атап өткендей, «сол мақсатты іске асыруда Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдары мардымсыз жұмыс істеп отыр».

«Парламент мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіруге қатысты. Себебі, өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады. Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма», - дейді Заитов.

Ол басшылардың бұл әрекеті әкімшілік кодекстің 90-бабының 1-тармағы бұзып отыр дейді.

«Осы бапқа сәйкес, мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында ҚР Жоғарғы Соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді. Өкініштісі сол, бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр», - деді ол.

Ашуға булыққан депутат «жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы сияқты мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ» деп сұрақ қойды Асыловқа.

«Білсеңіздер, айтыңыздаршы! Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар. Осы айтылғандарды ескере отырып, Сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін. Еліміздегі азаматтардың заңды талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін орган ретінде Бас прокуротура тарапынан аталған мәселелерде табандылық танытуларыңызды сұраймыз. Әрбір арызданушының материалы мен оларға байланысты шыққан үкімдерін қоса жолдаймын», - деді Заитов Бас прокурорға жолдаған сауалында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.