«Арбамен жерге құлаған»: Ақтауда мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекеттік мекемені сотқа берді
Сот мүмкіндігі шектеулі тұлғаның талабын қанағаттандырды
Ақтау қаласының №2 сотында мүмкіндігі шектеулі азаматтың мемлекеттік мекемеге қатысты шағымы бойынша материалдық және моральдық шығындарды өндіру туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотпен анықталғандай, жергілікті тұрғын 2024 жылдың 18 қаңтарында мемлекеттік мекеменің ғимаратының кіре берісіндегі пандустың тарлығынан және биік болуынан мүгедектік арбамен жерге құлаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай, А. орта дәрежедегі дене жарақатын алған.
Шағымданушы өзінің арызында, ем қабылдауға, дәрі-дәрмектер алуға кеткен материалдық және өзіне келген моралдық залалдарды өндіруді сұраған.
«Тексеру нәтижесінде, мемлекеттік мекемеде пандус «Ғимараттар мен имараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» ережелер жинағының 3.06-101-2012 4.3.2.30 және 3.06.-101-2012 4.3.2.2. тармақтарына сай келмейтіні, яғни пандустың екінші сатысының көлбеуі жоғары екені және ғимараттың пандусының кіре беріс алаңының көлемі тар болуын анықтап, ММ-ге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген», - делінген хабарламада.
Сотпен, жауапкер ММ-нің кіре берісіндегі пандустың заң нормаларына сәйкес келмеуінен, талап қоюшы дене жарақаттарын алғаны салдарынан материалдық және моральдық залалдар келгені анықталды.
Сот шешімімен арызы қанағаттандырылып, жауапкердің пайдасына материалдық шығын 500 мың теңге және моральдық залал 1 млн теңге өндірілді.