Қостанайда заңсыз майнарлер 27 мектепке жететін электр энергиясын тауысқан

Автор: Темірхан Айжан

Алдын ала есеп бойынша олар заңсыз қызметтен 100 млн теңгеден аса ақша тапқан

Фото: скриншот

Рудный қаласының аумағында бірқатар адам тиісті лицензиясыз заңсыз майнингпен «Bitcoin» қамтамасыз етілмеген цифрлық активін (криптовалюта) өндірумен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Заңсыз «майнерлер» 3 аудан орталығы немесе 27 орта мектеп немесе 13 аурухана тұтынатындай электр энергия көлемін пайдаланған, бұл жергілікті электр желілеріне орасан зор салмақ түсірген.

Тінту нәтижесінде 150-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен(ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді.

Агенттіктің цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімшесі заңсыз өндірілген «Bitcoin» түскен криптобиржадағы аккаунтарды анықтады.  Соттың санкциясымен күдіктінің мүлкіне және криптовалюта аккаунтында сақталған заңсыз өндірілген цифрлық активтеріне тыйым салынды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастыру қажеттігін атап өтті.

 Қаржылық мониторинг агенттігінің істері бойынша 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылды, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1.2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.