Олар 2 мыңнан аса қоңырау шалып үлгерген
Алматыда бір топ алаяқ шетелдіктердің шотындағы ақшаны жымқырумен айналысқан. Ішкі істер министрлігі Алматыда төрт колл-орталықты анықтап, онда жұмыс істеген 52 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олар Қытай, Иран, Үндістан, Малайзия, АҚШ азаматтарына қоңырау шалып, күмәнді инвестициялық ұйымдарға ақша салуға үгіттеген.
Алаяқтардың ақшаға кенеліп үлгергенін тұрып жатқан үйінен-ақ көруге болады. Екі қабатты зәулім баспананың ішін кәдімгі call-орталық қылып жабдықтаған. Бөлмелері сан түрлі қымбат техникаға толы. 47 шетелдік пен бес отандасымыз дәл осы жерден өзге ел азаматтарына хабарласып, түрлі ұсыныс тастап отырыпты. Бірақ, ол ақшаның инвестицияға емес, өз қалтасына кететіні белгілі.
Олар 2 мыңнан аса қоңырау шалып үлгерген. Тәртіп сақшылары төрт call-орталықты тінткенде мың жарым ұялы телефон, 57 ноутбук пен компьютер, сондай-ақ мыңнан аса sim-карта тәркіледі. Қазір енді олардың қанша қазақстандықтың қалтасын қағып үлгергені тексеріліп жатыр.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жіберілетін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Өтіп қойсаңыз, онда мессенджеріңізді қосылып тұрған басқа құрылғыдан ажыратыңыз. Бейтаныс абоненттердің бейнеқоңырауына жауап бермеңіз. Егер біреу телефон арқылы несие рәсімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны “қауіпсіз” шотқа аударуды ұсынса – сенбеңіз. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері мұндай операцияларды ешқашан телефон арқылы жүргізбейді», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.