Алмасадам Сәтқалиев Ақмола жастарымен кездесті
Энергетика жастармен болашақтағы энергия тапшылығы туралы сөйлесті

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақмола облысы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Кездесуге А.Мырзахметов атындағы университеттің, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының және Гуманитарлық-техникалық академияның студенттері қатысты. Жастармен кездесуде «Бейбіт атом» тақырыбы жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында министр атом энергетикасының Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталып, оның еліміздің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі үшін маңыздылығын атап өтті.
Алмасадам Сәтқалиев бүгінде елімізде электр энергиясын өндірудің негізгі үлесін жалпы өнімнің 66% қамтамасыз ететін көмір зауыттары құрайтынын, жаңартылатын энергия өндіру үлесі шамамен 6%-ға жеткенін айтты.
2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну көлемі 152,4 млрд кВт/сағатқа жетеді деген болжам бар. Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған энергия көздерін өндіру бірқатар объективті себептерге байланысты төмендейді және 135 млрд кВт/сағ-тан азаяды. Осыған байланысты 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 ГВт болатын жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету қажет.
Дереккөз жазғандай, қазір бүкіл әлем көміртегі бейтараптығына бет бұрады. Сондықтан халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларының құрылысына инвестиция салудан бас тартып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан еліміздегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді іске асыра алмайды.
Осы ретте, энергетика министрі студенттерге ядролық реакторлар және соған қатысты басқа да ақпараттар туралы айтып берді.
Жастар диалогқа белсенді қатысып, атом энергетикасының болашағы, оның экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлі туралы сұрақтар қойды.
Сонымен қатар, энергетика министрі «Көкшетау Энерго» ЖШС жұмысымен танысып, кәсіпорынның еңбек ұжымдарымен кездесті.
Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі халыққа дәстүрлі жолдауында осы жылдың 6 қазанында АЭС қатысты референдум өтетінін айтты.
«Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», - деді мемлекет басшысы.