Күні кеше депутатқа қатысты расталмаған ақпарат тараған еді
Мәжіліс депутаты, экс-білім министрі Асхат Аймағамбетов өзі туралы расталмаған ақпарат жазған журналисті сотқа бермейді. Бұл туралы ол бүгін мәжіліс кулуарында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл (Маңғыстауда балалар уланған мектеп директоры Аймағамбетовтің туысы деген ақпарат – ред.) фейк ақпарат. Кеше жалған ақпарат екенін хабарладым. Ары қарай мәселені ушықтырғым келмейді. Мен журналистерді қудалауға қарсымын. Ол жақта да өз шындығы бар шығар. Мен журналисті айыптамаймын. Егер қандай да бір түсініспеушілік орнап жатса, ол біздің ақпаратты аз бергендігімізден деп ойлаймын. Өйткені, ондай жағдайлар кездесіп тұрады. Сондықтан, мен әр жағдай кезінде журналисті сотқа берсем, ол біріншіден нәтижесіз әрекет, екіншіден теріс әрекет», - дейді депутат.
Аймағамбетов оқиға орнында журналистке бәлкім басқаша ақпарат айтылған дв шығар деген пікірде қалды.
«Менің бірінші міндетім – түсіндіру, жоққа шығару. Осымен мәселе бітті деп ойлаймын», - дейді Аймағамебтов.
Естеріңізге сала кетейік, БАҚ беттерінде шыққан репортаждан кейін Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылының мектеп директоры Тойлыбай Аймағамбетов қазіргі депутат, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетовпен туыстық байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Репортаж авторының айтуынша, мектеп директоры өзін таныстырғанда өзін Аймағамбетовтің туысымын деген.