Отбасы құндылықтарын насихаттау - мемлекетіміздің міндеті: полициядағы жиын

Аягөз Құрмаш

Полиция қызметкерлері отбасы құндылықтары бойынша сарапшылық пікір тыңдады

Отбасы құндылықтарын насихаттау - мемлекетіміздің міндеті: полициядағы жиын
Фото: gov.kz

Астана қаласы Полиция департаменті «Отбасылық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбында жеке құрамға жиын өткізді. Астана қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова полиция қызметкерлерінің отбасы құндылықтарына назар аударғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Елімізде жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде отбасы күні тойланады. Қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханият пен өнегені нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие - бұл барша халқымыздың бай-қуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасылық құндылықтарды, көп бала өсіруді насихаттау - бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары 6 миллионнан аса қазақстандық дүние есігін ашты», - дейді Астана қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова.

Ал ел азаматтарының жалпы саны 19 миллионнан асты. Бұл Қазақстан Республикасындағы отбасылық-демографиялық саясаттың дұрыстығының, халқымыздың әл-ауқатының артқандығының айғағы дейді ол. 

«Отбасы күні әр шаңыраққа шаттық, амандық және баянды бақыт тілейміз. Жиында алынған ақпарат жұмыс барысында және өмірде пайдалануға мүмкіндік береді деген үміттеміз. Бүгінгі кездесуге қалалық әкімдіктен және үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері және жауапты полиция қызметкерлері қатысты. Атап айтсақ, Назгүл Сейтқожақызы Мақжан -  Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссия төрағасының орынбасары. Бекдайыр Нығметұлы Күзембай, Әкелер одағы Республикалық қоғамдық бірлестіктің төраға орынбасары, Әкелер одағы Астана қаласы филиалы бастығы, Астана әкімдігі жанындағы балалар құқығын қорғау комиссия мүшесі. Индира Жанұзаққызы Тоқмурзина "Сенімен Болашақ” Республикалық қоғамдық бірлестіктің өкілі», - дейді ол.

Оның айтуынша, осындай кездесулер полиция қызметкерлерінің рухани дамуына көп ықпал етеді.

«Қоғамды толғандыратын мәселелерді талқылауда бәріміз бірлесе отырып ой толғадық, тәжірибе алмастық, құнды ақпарат алдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, алтын уақыттарын бөліп келген спикерлер мен сарапшыларға отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі саясатты дәйекті жүргізгені үшін жергілікті полиция қызметі басқарамсының басшысына алғыс білдіреміз», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.