Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҰОС ардагерлері мен Қазақстан халқын Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады деп жазады Elbasy.kz.

Елбасы өз құттықтауында жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке тағзым ететінін жеткізді.

«9 Мамыр – әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн.

Бұл күні біз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларды ерекше құрметпен еске аламыз.

Майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке тағзым етеміз.

Бұл ­– нағыз батылдықтың, әскери даңқ пен патриотизмнің мерекесі.

Баршаңызға белгілі, жеңіс бізге оңайға түскен жоқ.

Келер ұрпақтың бақытты әрі берекелі ғұмыры үшін миллиондаған адам фашизмді жеңу жолында жанын пида етті.

Ортақ іске Қазақстанның қосқан үлесі зор.

Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны майданға аттанды.

Олардың көбі соғыс даласынан оралған жоқ.

Қазақстандықтар ерен ерлік пен бекем бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Жаужүрек аталарымыз Брест қамалын, Мәскеуді, Ленинградты қорғауға барын салып, Сталинград, Курск шайқастарында, жау басып алған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен соғысты.

Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тікті.

500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды», - делінген Елбасының құттықтауында.