Қазақстанда астық өңдейтін 2 000 кәсіпорынның 1 750-і жабылып қалған
Қалған кәсіпорындардың тек жетпісі ғана тұрақты жұмыс істейді
Парламент Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов депутаттық сауалында елдегі астық өңдеушілердің проблемасын жария етті деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан шетелге ұн мен макарон сияқты астық өнімдерінен гөрі астықтың өзін көбірек экспорттайды. Ал көрші елдер қазақстандық астықты қайта өңдеп, халықаралық нарыққа жеткізіп отыр. Сенатор бұл істі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де жасай алар еді дейді ол.
«Ұн экспорты бойынша Өзбекстан көшбасшыға айналып, жыл сайын бір миллион тоннаға дейін Қазақстанның бидайын өңдеп, Ауғанстан нарығына ұсынып отыр. Биыл Өзбекстанға 1,3 млн тонна астық жөнелтілген. Қазіргі уақытта елдегі астық өңдейтін 250-ге жуық кәсіпорынның тек 70 ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік алған жылдары бұл кәсіпорындардың саны шамамен 2 мың болған, бүгінде 1750 астық өңдейтін кәсіпорын жабылып, 70 мыңдай адам жұмыс орнынан айырылды. Ақсап тұрған бұл сала мемлекеттің мүддесіне және диханшылардың экономикалық жағдайына кері әсерін тиігізіп жатыр», - деді Арман Өтеғұлов.
Сенатор сонымен қатар Қазақстанның импорттық тұқымдарға тәуелділігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда элиталық тұқымдардың үлесі – 7,1%, сондай-ақ, елімізде бидай тұқымының 40 пайызы шеттен келеді. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 12 ғылыми-зерттеу институты және элиталық 17 тұқым өндіруші шаруашылық жұмыс істейді. Алайда осы институттар зерттеулерінің оң нәтижесі байқалар емес. Импорттық тұқымға деген сұраныстың азайғаны немесе елдегі өндірушілердің өнімінің молайғаны туралы дерек жоқ.
«Елдің азық-түлік қауіпсіздігін және ауылшаруашылығы өндірушілерінің көрші елдермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету бағытында нақты жобаларды іске асыруды ұсынып отырмыз. Элиталық шетелдің тұқымына деген тәуелділікті жою мақсатында арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Астықты терең өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыру, мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру мәселесі қаралуы тиіс», - деп санайды Өтеғұлов.
Бұған қоса депутат кәсіпорындардың өнімдерін экспорттауға қажетті тетіктерді оңтайландыруды және қажет болса экспорттық шығындардың бір бөлігін мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы нақты шаралар қабылдауды ұсынды.