Қазақстандықтардың биометриялық мәліметтерін жекеменшік компаниялар жинап жүр – Смышляева

Жеке деректерді жинау және сақтау кезінде заң көбіне бұзылып жатады

Қазақстандықтардың биометриялық мәліметтерін жекеменшік компаниялар жинап жүр – Смышляева
Фото: © freepik.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева азаматтардың биометриялық деректерін қорғау мәселесі туралы премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол азаматтардың жеке мәліметтерін, әсіресе адамның бет-әлпеті, саусақ ізі, көздің нұрлы қабығы сияқты сезімтал деректерді қорғау өте өзекті мәселе екенін айтты. Себебі қазір цифрлық алаяқтар биометрияның ізіне түскен, жасанды интеллектімен өңделген дәл осы мәліметтерді банк жүйелерін алдау үшін пайдаланады. Ал цифрлық ортада қалыптасқан қазіргі жағдай бірқатар себептер бойынша жеке деректердің қорғалатынына кепілдік бермейді.

«Біріншіден, биометриясы бар кең таралған сервистерде биометриялық сәйкестендіруді пайдаланудың негіздемесі көбіне көрсетілмейді. Жан басына қаржыландырудың пилоттық жобасы аясында балабақшаларда балалардың биометриялық мәліметтерін жинау қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жақында биометрия ұялы телефон нөмірлерін тіркеген кезде де міндетті болады. Біз қазір тұрғын үйлердегі кіреберістердің, қызметтік ғимараттардың есігін былайша айтқанда «түрімізбен» ашамыз, гаджетке де бет-әлпетімізді пайдаланамыз. Екіншіден, биометрияны жинағанда және сақтағанда жеке деректерді қорғау туралы заң нормалары бұзылып жатады. Еріктілік қағидаты ескерілмейді, келісім сұралмайды», -дейді Смышляева.

Оның айтуынша, қазір кез келген қосымша өз жұмысы үшін мәліметтер базасын құрады. Ал оның қайда орналасқаны және кім қорғайтыны белгісіз.

«Үшіншіден, барлық биометриялық сәйкестендіру жүйелері жекеменшік. Бізде әлі күнге дейін тіпті мемлекеттік сервистер үшін аутентификация жасауға мүмкіндік беретін мемлекеттік жүйе жоқ», - дейді халық қалаулысы.

Осыған байланысты мәжіліс депутаттары бірнеше ұсыныс тастады:

  • биометриялық ақпараттың мемлекеттік деректер қорын анықтау және оларды қорғауға инвестиция салу;
  • биометриялық деректерді пайдалану және қорғау бойынша барлық регламентке ревизия жүргізу;
  • азаматтар мемлекеттік қызметтерді алып, банк қызметін пайдалануы үшін биометриялық сәйкестендірудің мемлекеттік жүйесін әзірлеу;
  • балалардың биометриясына қолжетімділікті тек мемлекеттік сәйкестендіру жүйесі арқылы қамтамасыз ету;
  • қызмет алу процесінде аутентификацияның басқа да әдістерін пайдаланғысы келетіндердің құқығын шектемеу.

Смышляева «AMANAT» партиясының фракциясы қазірдің өзінде биометриялық ақпаратты қорғауды заңнамалық деңгейде күшейту жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.