«Маралды халқы фабриканың салынуына қарсы»: Көшербаев кімнің жағында

Автор: Молдатай Сымбат

Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасының құрылысы тоқтамаған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

ШҚО Күршім ауданы Маралды ауылдық округінің халқы 1,5 жыл бойы кен өндіру және цианид пайдаланатын алтын өндіру фабрикасының құрылысын тоқтатуды талап еткені белгілі. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бүгін журналистер сауалына жауап беріп, ауылдағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімнің айтуынша, бизнесмендер мен ауыл тұрғындары келісімшартқа келген.  

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, бизнесмендер және ауыл тұрғындары келіссөздер жүргізіп жатыр. Келісімшартқа келеді. Бірнеше ауылдың тұрғындары қазір фабрикаға жұмысқа тұрды. Фабрика өзіне міндеттемелерді алған. Үкімет жағынан біз Маралды ауылында жолдарды жөндедік. Қысым болса, бәрін заңға сәйкес, сот бойынша істеуі керек, дәлелдеуі керек», - деді Көшербаев.

Айта кетерлігі, фабрика құрылысы мен алтын қазуды екі компания жүзеге асыруы тиіс еді. «ВСАМ продакшн» ЖШС құрылысқа, ал алтын қазушы «Maralikha» тау-кен компаниясы» ЖШС жауапты болып бекітілген.

Маралды тұрғындары наразылықтарын білдіру мақсатында әр үйдің сыртына «Біз фабрикаға қарсымыз» деген плакаттар іліп қойған.

«Қарсы пікір білдіргенімен, заңға қайшы шыға алмайды», - деді әкім.