ШҚО-да әуесқой косметика сатушысы бір тәулікке қамауға алынды
Ол әкімдік қызметкерлерінің мазасын алған
Көршілес мемлекеттің азаматы өз тауарларын әкімдік қызметкерлері мен келушілерге қоярда-қоймай ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Ресей азаматы Алтай әкімдігіне келген. Ол үлкен көлемді сөмкелерімен аймақ әкімдігінің ғимаратына кіріп, шенеуніктер мен келушілерге косметика сатып алуды ұсына бастаған. Әуесқой сатушыны алдымен әдеппен ғимараттан шығуды сұрағанымен, ресейлік бұл өтініштерге құлақ аспай, ғимарат ішінде жүруін жалғастырып, адамдардың мазасын алған.
Әуесқой сатушы әкімдік ішінде емін-еркін жүріп, бастықтардың кабинеттерінің есіктерін тартқылап, бос емес адамдарға өз тауарларын табанды түрде ұсынуын тоқтатпаған.
Алайда жұмысшылардың өтінішін құлағына ілмеген сатушыға қызметкерлер полиция жасағын шақыруды жөр көрген. Тәртіп сақшылары өзін кәсіпкер ретінде таныстырған адамды ұстап, ғимараттан шығарып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.
«Осы келеңсіз оқиғадан екі күн өткен соң, тыныштықты бұзушы әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша айыпталып, сот алдында жауап берді. Онда кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адамның заттарды сатып алу, сату, айырбастау немесе алу мақсатында қоғамдық орындарда мазалайтын әрекеттер жасағаны үшін айып тағылды. Судья істің мән-жайын тыңдап, мазасыздандырған адамды бір тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды», - делінген ақпараттық хабарламада.