$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Беларусь тәжірибесі, ядролық энергетика: АЭС маңындағы қала тұрғындарының өмірі қандай?

Бүгін қаланың мерейтойы тойланып жатыр

Беларусь тәжірибесі, ядролық энергетика: АЭС маңындағы қала тұрғындарының өмірі қандай?

Островец Беларусь елінің 555 жылдық тарихы бар ең жас қаласы, энергетиктер қаласы, ол бүгінде Беларусьте ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал, себебі қаладан 18 шақырым жерде АЭС орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Беларусь АЭС-інің құрылысы 2012 жылы қала мәртебесін алған және шағын қалалық ауылдан заманауи, жайлы қалаға айналған Островецтің дамуына айтарлықтай серпін берген.

Сол кезден бастап Островец екі есе өсіп, өркендеген. Егіс далалары мен атыраптардың орнында жаңа шағын аудандар бой көтереді. Тұрғын үймен бір мезгілде әкімшілік ғимараттар, әлеуметтік мақсаттағы объектілер салынып жатыр. Жаңа мектептер мен балабақшалар, қонақ үйлер мен дүкендер, автомобиль жолдары салынған.

Соңғы жылдары қалада Аудандық орталық клиникалық аурухана, «Стадион» әкімшілік-спорт кешені, «Импульс» спорттық-сауықтыру кешені, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы және жастар шығармашылығының көп функционалды кешені, мұз алаңы салтанатты түрде ашылды.

Инфрақұрылым нысандарымен бірге қала тұрғындары да өсуде. Қазір Островецте 14 мыңнан астам адам тұрады. Болашақта – 15,5 мыңнан астам тұрғын болады деп жоспарланған. Жергілікті халықтың белсенді өсуі сыртқы және ішкі көші-қонмен де, бала туудың өсуімен де байланысты.

Қаланың болашағы зор. Қазір үшінші шағын ауданы дамып келеді, көпқабатты тұрғын үйлер мен үй құрылысы кварталдары салынып жатыр. Әкімшілік және әлеуметтік мақсаттағы жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда, аудандық емхана қайта жаңартылып жатыр.

АЭС салынғалы қалаға жұмысқа келген жас мамандар да аз емес. Солардың бірі – 24 жастағы Игорь Гриневич. Ол АЭС-ке қатысты оқыту орталығында жұмыс істейді.

«Инструкторлардан құралған бөлім өте ауқымды. Станциядағы мамандар бізге оқудан өтуге келеді. Тәжірибе өте көп болуы керек, себебі қамтылатын сала өте ауқымды. Ресейдегі АЭС-тарға мамандар тәжірибе жинақтау үшін көп барады», - дейді ол.

Игорь Гриневичтің өзі Минскі қаласындағы оқуын тәмамдаған соң келген. Ол жалақы мен жұмыс істеуге жасалған жағдай көңілінен шыққан соң жұмысқа қалғанын айтады.

«Островец қаласы төменде орналасқан. Мұнда жаз кезінде өмір сүру үшін өте жайлы жағдай жасалған. Өмір бейқам, тыныш. Сондықтан оны романтизациялауға да болады», - дейді ол.

АЭС-ке жұмысқа тұрғандардың ішінде жергілікті тұрғындар қарасы да аз емес. Ерлі-зайыпты Сергей мен Виктория Хаткевичтер де осы станцияда есепші және инженер болып қызмет етеді.

Жас жұбайлар оқуын тәмамдаған соң туған жері Островец қаласына 2006 жылы қайта оралған. Жұмыс барысында танысып, шаңырақ көтерген.

«АЭС салу құрылысы жайлы талқылау жұмыстарының кезінде біз сияқты Чернобыль жайлы естіп өскен ұрпақта күмәндану болды. Алаңдаушылық білдірдік. Біздің ауданға Чернобыльдан қоныс аударғандар көп болды. Ал станция құрылысы басталғанда мәселені тереңінен түсініп, ядролық энергетиканың артықшылықтарын түсіне бастаған соң күдік тарады», - деді Виктория Хаткевич.

Оның айтуынша, АЭС жұмысы жайлы жергілікті билік пен станция басшылығы оның экологиялық қауіпсіздігі жайлы насихаттау жұмыстарын жүргізген.

«Қауіпсіздікті сақтаудың барлық талабымен өзіміз де таныстық. БелАЭС пен Чернобыль атом станцисының айырмашылығы жер мен көктей, біздегі АЭС өте қауіпсіз. Біз қазір қызметкер ретінде оған көзіміз жетті», - дейді Сергей Хаткевич.

Олардың 6 жасар ұлы бар. Ол биыл республика бойынша жалғыз атом класы бар мыңға жуық оқушысы бар мектепке оқуға бармақ.

Сондай-ақ қызметкерлер үшін әлеуметтік пакет жақсы беріледі.

«Біз жалға берілетін пәтерде тұрамыз. Станцияда еңбек ететіндерге жалдамалы пәтер беріледі.   Мектепке дайындық ретінде бір жыл баламызды сабақтарға жібердік. Жұмыс кестесі әдеттегі кеңсе жұмысы сияқты аптасына 5 күн, сол сияқты екі күн демалысымыз бар», - дейді Виктория.

Олар қалада бос уақыт өткізуге арналған орындар өте көп екенін айтады.

«Алдымен баламызды үйірмелерге бердік. Кейін бәріміз бірге спортпен айналысамыз. Мен жүгіремін, ал жолдасым командалық спорт түріне қатысады», - дейді Виктория.

Айтпақшы, станция қызметкерлерін күзде көкөніс алуға арнайы төлемдер беріледі.

«Күзгі кезде піскен көкөніс алу үшін төлемдер бар. Ол қысқы кезге адамдардың жағдайын жасап, қамданып үлгеруі үшін арнайы төленеді», - дейді Виктория Хаткевич.

Еске салсақ, БелАЭС елді электр энергиясының 40 пайызымен қамтамасыз етіп  отыр.

Серіктес жаңалықтары