Алматы метросының құрылысы кезінде ақша ұрлаған: сотталғандардың туыстары әділдік іздеп жүр
Олар журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізді

Алматы метросының станцияларын салу кезінде ақша жымқырды деп айыпталып, түрмеге қамалған сотталушылардың туыстары мен адвокаттары сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеп, істі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетсек, биыл 26 маусымда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты метро станцияларын салу кезінде ақша ұрлады деп айыпталған бір топ азаматқа үкім шығарды. Анықталғандай, сотталушылар «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматизация және технологиялар Сервис» ЖШС басқарып тұрған кезде бірнеше адам болып, 2018 жылғы маусым мен 2020 жылғы тамыз аралығында «Сарыарқа» және «Достық» (қазіргі «Бауыржан Момышұлы») станцияларын салу кезінде қаржылық махинациялар жасаған. Соның ішінде жабдықтың құнын 10 есе арттырып, алдыңғы фирмалар арқылы тұрақты түрде ірі сомада ақша алып отырған.
Сот үкімімен Е. Ж. Әбілдинов, Е. А. Әбжаппаров және Е. Т. Қапаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сондай-ақ сотталғандардан Е.Ж. Әбілдинов, Е.А. Абжаппаров, Е. Т. Қапаев, В. О. Хен, Н. К. Арисованы, Ж. М. Арисова, мемлекет пайдасына ортақ тәртіппен 5 089 334 799,19 теңге сомасында материалдық залал өтеу туралы қаулы шығарған.
Алайда сотталғандардың туыстары бұл үкіммен келіспей отыр. Олардың пікірінше, іс жан-жақты және объективті тергелмеген, олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған.
«Алматыметроқұрылыс» АҚ бас директоры болған Ерлан Әбжаппаровтың әйелі Хайни-Камал Қасымқанова күйеуі заңсыз және әділетсіз сотталды деп санайды. Айтуынша, қылмыстық тергеуге 2015 және 2018 жылғы екі келісімшарттың орындалуы негіз болған. Ал айыптау техникалық кеңестің 2016 жылғы хаттамасына негізделген. Бірақ аталған хаттама қылмыстық іс материалдарына қосылмаған болып шықты.
«Адвокаттар «Метрополитенге» адвокаттық сұрау жолдаған, олардан бұл хаттама жоқ деген ресми жауап келген. Сотталғандар да хаттаманы көрмеген. Өйткені олар 2018 жылы жұмысқа тұрған. Тіпті, бұл хаттама болған күннің өзінде 2015 жылғы негізгі келісімшартқа өзгеріс немесе толықтыру енгізілуі керек еді. Ал бұл жасалмаған. Қылмыстық тергеу бірінші күннен бастап айыптау бағытында жүргізілді. Біз Көлік прокуратурасына, Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне, адам құқықтары жөніндегі уәкілге, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге жүгініп, қылмыстық істі тоқтатуды сұрадық. Қылмыстық қудалау ойдан шығарылған болжамдарға ғана негізделген деген аргумент келтірдік. Істі егжей-тегжей тексеріп, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды өтіндік. Бірақ қылмыстық іс одан әрі жалғасты, материалдар Алмалы аудандық сотқа жолданды. Куәгерлер, күдіктілер мен сарапшылардан жауап алынды. Өз басым жәбірленуші тарап ретінде Алматы қаласының әкімдігі келгеніне таңғалдым. 2015 жылы қала билігі екі станцияның құрылысына өздері ашық конкурс жариялауға бастамашы болған. «Алматыметроқұрылыс» АҚ конкурста жеңіп, екі станцияны 62 млрд 400 млн теңгеге салуға міндеттелді. Өз уәдесін орындады, құрылысты аяқтады, екі станцияны ешқандай дау-дамайсыз тапсырды», - дейді Қасымқанова.
Оның айтуынша, метро құрылысының сапасына ешқандай шағым болмағанын сот отырысы барысында әкімдіктің әртүрлі басқармаларының өкілдері де растаған. Барлық орындалған жұмыстар актісіне қол қойылған, атқарушыға ешқандай шағым болмаған.
«Станциялар екі жыл бойы апатсыз, кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында жиырма миллионнан астам жолаушы тасымалдаған», - дейді сотталушының жұбайы.
Ол осы іс бойынша түрмеде отырғандар соттың толық үкімімен әлі таныспағанын атап өтті.
«Сотталғандар – егде жастағы адамдар, зейнеткерлер, сырқаттар. Олар сот үкімімен әлі күнге дейін толық танысқан жоқ, сот үкімінде не жазылғанын, темір торда не үшін отырғанын білмейді. Біз апелляцияға бердік. Алматы қалалық сотынан күрделі істі мұқият қайта қарауды сұраймын», - деді Қасымқанова.
Баспасөз мәслихатына қатысқан адвокат Нора Низаметдинова да қылмыстық істің материалдарында шикі тұстар көп екенін алға тартты.
«Бүгінгі баспасөз мәслихаты барлық сот, құқық қорғау органдарының назарын аударады және босқа өтпейді деген үміттемін. Заңнама, ҚПК, Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары тұрғысынан сотқа дейінгі тергеу сотталғандарға қатысты бірде бір шынайы, объективті дәлел ұсына алған жоқ. Осы істі тоғыз айдан астам уақыт қараған сот қылмыстық істі мұқият қарап, әділ әрі заңды үкім шығарады деп үміттенген едік», - дейді ол.