Алматыда жас жігіт 36 көшет ағашты шауып, талқандады (ВИДЕО)
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы полициясы ағаштарды сындырған ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол үлкен Алматы өзенінің бойында, Төле би мен Райымбек даңғылдарының арасында ағаштарды сындырған.
Жігіттің әрекетіне наразы болған жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Орман қорына кіретін және кесуге тыйым салынған көшеттердің зақымдалуына қатысты қызмет көрсетуші компанияның өкілі арыз берді.
«Қазіргі таңда ағаштардың зақымдалуына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Арызданушының айтуынша, тексеру кезінде 36 дана көшеттердің зақымдануы және жойылуы анықталды, атап айтқанда: каталпа – 15 дана, акация – 7 дана, қарағаш – 14 дана. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 27 жастағы жігіт ұсталды, ол бұзақылық мақсатында ағаштарды сындырғанын айтты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Іс сотқа жіберіледі», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.