Ербаян Мұхтар 6 ай бұрын әскерде жүріп комаға түсті
Бірнеше күннің ішінде қазақстандықтар ауыр халде жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 140 миллион теңге жинады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарбаздың ата-анасы тәулік бойы кезекшілік ету үшін жеке дәрігерлерді жалдауға мәжбүр. Қиын жағдайға тап болған отбасы қаражат жинау үшін арнайы шот ашты.
«Ербаянның отбасы емделуге қаражат жинауға көмектескені үшін бүкіл Қазақстан халқына және басқа елдерден келген көп адамға зор алғысын білдіреді. Ата-анасы көзіне жас алды, бүкіл команда осындай керемет қолдауға таң қалды. Бірнеше күннің ішінде сіздер мемлекет айлап істей алмағанды жасадыңыздар.
Ербаянның отбасы қаражат жинауды тоқтату керек пе, жоқ па – сіздерден кеңес сұрап отыр. Өйткені санавиация құны 25.000.000-60.000.000 теңге аралығында. Емдеу қанша айға созылатыны және клиника қанша соманы белгілейтіні белгісіз.
Сонымен қатар, қайда бару керек, кімге жазу керек, қайда қоңырау шалу керегін, дәрігерлерді, клиниканы қалай табуға болатынын білмейміз», - делінген постта.
Отбасына емдеуді үйлестіру, ауруханаға жатқызу үшін ел мен клиниканы таңдауда көмек қажет.
Әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатыр. ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды.