Қазақстанда ата-әжелердің 39 пайызы немере тәрбиесіне араласпайды – демограф

Автор: Azattyq Rýhy

Аяулым Сағынбаева айтуынша, қазір ата-әжелердің көбі немерелерін тек демалыста көреді

Фото: ult.kz/

Қазақстанның қоғамдық даму институты 2022 жылы жүргізген зерттеуге сүйенсек, елімізде немересі бар қариялардың 39 пайызы олардың тәрбиесіне араласпайды. Бұл туралы DOPE SOZ подкасына қонақ болған белгілі демограф Аяулым Сағынбаева мәлім етті, деп Azattyq Rýhy.

Ол бұл подкаста Қазақстандағы бала туу көрсеткіші, жәрдемақы мөлшері, көп әйел алу тақырыбындағы сұрақтарға жауап берген. Ал, елдегі ата-әже институтының рөлі туралы сөз қозғаған ол болашақта осы бағыттағы жағдай күрт нашарлауы мүмкін дейді.

«Қартайған кезде ақыл айтатын әжелер мен ақсақалдар азшылық. Болашақта жағдайымыз күрт нашарлауы мүмкін. Қазақстанның қоғамдық даму институты 2022 жылы еліміздегі отбасы портретін құрастырған кезде сауалнамаға қатысқан ата-әжелердің 39 пайызы немере тәрбиесіне араласпайтынын айтқан. Кезінде Бауыржан Момышұлы «ата-әже тәрбиеге араласпаған кезде, ұлт құрдымға кетеді» деп еді. Ал, бізде қазір баласын демалыста ғана көретін әкелерден бөлек немерелерін тек демалыста үйіне алдыратын ата-әжелер пайда болды», - дейді Аяулым Сағынбаева.

Сонымен қатар, демограф соңғы жылдары қарттар арасында суицид жасайтындардың көбейгенін айтып, мәселе көтерді.