АЭС салуды жария талқылау: тұрғындар қандай сұрақтар қойып жатыр

Аягөз Құрмаш

Түрлі сала өкілдері сауалдарын қойды 

АЭС салуды жария талқылау: тұрғындар қандай сұрақтар қойып жатыр
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада жария талқылау кезінде тұрғындар АЭС салу мәселесіне қатысты өз сұрақтарын қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиналғандардың ішінде түрлі саланың өкілі бар. Мәселен, Астана тұрғыны «АЭС салу үшін қандай елдер тартылады?» деген сұрақ қойды. 

Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, АЭС салуға отандық мамандар тартылады.

«Бұдан басқа, қандай технология салынса, сол ел тартылады. Алайда қазақстандық мамандар міндетті түрде тартылады. Мысалы, Түркияда салынып жатқан АЭС-те 20 мың түрік азаматы жұмыс істеп жатыр»,- дейді Мұрсалова.

Астаналық тұрғын, ЕҰУ-дің докторантурасында 3-курс оқитын студент Айнагүл Хаметова  АЭС-тің Қазақстанда салынуын қолдайтынын жеткізді.

«Атом электр энергетикасы саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 9 жыл болды. Мен АЭС салынуын қолдаймын. Себебі АЭС салу кезінде жұмыс орындары ашылады. Өңірдің дамуына үлес қосады. Екіншіден, ол экологиялық қауіпсіздікке әсер етпейді. Мен осы саланы зерттегендіктен, қазір қауіпсіздік шаралары да күшейтілгенін анық айта аламын»,- дейді ол. 

Сонымен қатар, жария талқылау кезінде АЭС құрылысына қарсы болғандар да болды. Олар экологияға кері әсерін айтып, Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталайды деген алаңдаушылық айтты. Сұрақ қою барысында тұрғындар эмоцияға беріліп, қарсылықтарын наразылық түрінде де көрсетті. 

Дау шығарған қатысушыларды Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл сабырға шақырды.

«Бүгін халықтың жанайқайы да жеткізіліп жатқан шығар. Бұл жерге жиналған сарапшылар мен ғалымдардың мәліметін тыңдаудан бөлек, халықтың пікірімен де санасқан дұрыс. Сондықтан даурықпаға емес, сабырға шақырамыз. Біліммен, есеппен шешу керек»,- дейді Смағұл. 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.