Жылыту маусымына 6 облыста дайындық төмен – министр есебі

Атап айтқанда, көмір дайындау жұмыстары төмен

Жылыту маусымына 6 облыста дайындық төмен – министр есебі
Фото: primeminister.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев алдағы жылу беру маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайды.

«Оның ішінде, 2,3 млн тонна – коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна халық пайдалануына қажет. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді, бұл жылдық жоспардың 12% құрайды. Мониторинг барысында алты өңірде, атап айтқанда Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астанада көмірді дайындау жұмыстары төмен екені анықталды», - деді Шарлапаев үкімет отырысында.

Қазақстан темір жолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Министр аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар шенеунік әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге тоқталды. Білім беру нысандарының дайындығы 88 пайызды құраған. Бес өңір жоспардан қалыс. Бұл Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, облыстары және Алматы қаласы. Денсаулық сақтау объектілері 87 пайызға дайын. Төмен көрсеткіш Қарағанды, Алматы, Ақмола, облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында тіркеліп отыр.

Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстарымен 34,169 үй қамтылған, бұл жоспардың 68% құрайды.

Шымкент қаласында тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы төмен екені байқалады, деді министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.