Жетісу облысында теміржолшылар баспанасын жекешелендіре алмай жүр
Достықта баспанасын өз атына аудармаған 265 отбасы бар
Жетісу облысындағы Достық ауылының 300-ден аса тұрғыны өз үйінде өгейдің күнін кешіп келеді. Себебі бірнеше жылдан бері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы берген баспанасын жекешелендіре алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Жұлдыз Нұрсейітова – бапанасын жекешелендіре алмай жүргендердің бірі. 30 жылдан бері Достық ауылында тұратын ол компанияның қазіргі талабымен келіспейді.
«2017 жылы жасалған келісімшарт бар. Бұл жерде бір АЕК-мен төленсін деген келісімшарт бар. Бәрі заңды. 2019 жылдан бастап ай сайын бір бөлме 1 АЕК, екі бөлме 2 АЕК төлейсіңдер деп ИНЖС қаулы шығарған. Сондықтан мұны заңсыз деп есептейміз», - дейді Достық ауылының тұрғыны Жұлдыз Нұрсейітова.
«Достықта баспанасын өз атына аудармаған 265 отбасы бар» дейді тұрғындар. Олар 2021 жылы болған жекешелендіруге тиісті құжаттарын жинап үлгермеген. Сол кездегі мүмкіндікті 81 адам пайдаланып, үйін жекеменшікке өткізіп алды. Бірақ биыл оларға да қалдық сомасын қайта есептеп, қомақты қаражат төлеу керек деген қағаз келген.
«Бізге «балансовая стоимость – ноль» деп берген. Енді «балансовая стоимость – 17 млн» деп келіп тұр. Мен бұл үйде 29 жыл болды тұрғаныма», - дейді Достық ауылының тұрғыны Гүлзира Алишова.
Мәселенің мән-жайын түсіндіріп беру үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясы сұхбаттасудан бас тартып, жазбаша әрі жалтарма жауап берді.
Онда «81 пәтердің тұрғынымен кездесу өткізіліп, 79-ымен 10 жылға дейінгі төлемдерді төлей отырып, корпоративтік үйді жеңілдікпен жекешелендіруге келісім жасалды» делінген.
Тағы 2 отбасымен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бірақ тұрғындар: «Халықты алаламай, проблеманы толық шешу керек» деп отыр.
Достықтағы үйлердің дені өткен ғасырда салынғандықтан, әбден ескірген. Кейбіріндегі қолқаны қабатын сасық иістен жертөлесіне кіру мүмкін емес. Соған қарамастан тұрғындар оны жамап-жасқап, паналап келеді. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған теміржолшылар: «Жалғыз баспанамыздан айрылсақ, басқа барар жеріміз жоқ» деп ашынып отыр.