Қызылордада жасөспірім қызды құлдықта ұстаған күдіктілерге «күзетпен ұстау» шарасы қолданылды

Автор: Azattyq Rýhy

Тергеу сотының қаулылары өзгертілді

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында жас қызды жарты жыл бойы секс-құлдықта ұстаған сыныптастарына қатысты шара қолданылды, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселені «НеМолчи» қоры жариялады, онда жасөспірімдердің қызды жезөкшелікке мәжбүрлеп, айына 3-4 миллион теңге көлемінде заңсыз пайда тауып отырғаны айтылған.

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, кәмелетке толмаған күдіктілер Қ. А. және М.-ге қатысты тергеушінің «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініші бастапқыда қанағаттандырусыз қалдырылған. Алайда, жәбірленушінің өкілінен түскен шағымдарды қарастырған сот алқасы күдіктілердің іс-әрекеттерінің ауырлығын ескере отырып, жаңа шешім шығарды.

«Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілеріне жәбірленушінің өкілінен келіп  түскен шағымдарды қарап, күдіктілердің жасаған әрекеттерінің ауырлық дәрежесін, күдіктілерді сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанын ескере отырып, шағымды қанағаттандырып, тергеу сотының қаулыларын өзгертіп, күдіктілерге 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарды», - делінген хабарламада.

Бұған күдікті саналатын кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.