«AMANAT» партиясының депутаты туған ауылында білім беру саласына инвестиция құйды

Автор: Azattyq Rýhy

Партиялықтар ауылдың дамуына билік те, кәсіпкерлер де ықпал етуі тиіс екенін атап өтті

Фото: ҚР Үкіметі

«AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалының депутаттық фракциясы ардагерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге Зеленая Роща ауылына сапар жасады. Бұл ауылда Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы, әрі осы ауылдың тумасы Манат Алғамбаровтың қолдауымен мектеп ғимаратына қосымша құрылыс жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мектепке Манат Алғамбаровтың әкесі, ардагер және мектеп директоры Қажыбек Алғамбаровтың есімі берілген. Жаңа құрылыс үш бастауыш сынып пен мектеп мұражайын қамтиды. Манат Алғамбаров 140 шаршы метр аумақты қамтитын бұл қосымша ғимаратқа 35 миллион теңге жұмсады. Бұған дейін ол мектеп ғимаратына спорт залын қосқан болатын.

Манат Қажыбекұлы туған ауылына ерекше ықыласпен қарайтынын атап өтті.

«Балаларды оқыту үшін лайықты жағдай жасау – білім беруге және өңірдің болашағына жақсы инвестиция. Бүгін менің туған ауылымның ересектері мен балаларына жақсы жағдай жасауға мүмкіндігім бар екеніне қуаныштымын. Ауыл – болашақтың бастамасы»,  – деді ол.

Зеленая Роща ауылы болашағы жарқын елдімекендердің бірі саналады. Соңғы жылдары мұнда 12 жаңа үй салынып, халық саны өсіп келеді. Қазіргі уақытта ауылда төрт жүзге жуық адам тұрады, олардың көпшілігі мал өсірумен айналысады.

«AMANAT» партиясының мүшелері Манат Алғамбаровты көптеген кәсіпкерлер үшін үлгі деп атады. Ол тек мектепке ғана қаражат салып қоймай, сонымен бірге Зеленая Роща ауылында Ұлы Отан соғысына қатысушыларды еске алуға арналған ескерткішті де қаржыландырған. Сондай-ақ ол Исабек Ишан кесенесінің аумағында қонақ үй кешені мен мұражай салудың негізгі меценаты болды.

Партиялықтар ауылдың дамуына билік те, кәсіпкерлер де ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.