$ 494.95  525.49  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.08.2024, 22:33
Қоғам

«Өліммен аяқталған блефаропластика»: Өскеменде кәсіби білімі жоқ косметолог сотталды

Сот 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады

«Өліммен аяқталған блефаропластика»: Өскеменде кәсіби білімі жоқ косметолог сотталды
Фото: istockphoto.com

Өскемен қаласының №2 соты лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткені үшін азаматша А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Азаматша А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігіне сәйкес, абайсызда адам өліміне әкеп соққан заңсыз медициналық қызмет көрсеткені үшін айыпталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Өскемен қалалық сотына сілтеме жасап.

Сот барысында анықталғандай, 2023 жылы 15 сәуірде азаматша А.-ның косметологиялық қызмет көрсетуші танысы Қ. азаматша Н.-ға блефаропластика (қабақтың артық терісін алу) процедурасын жүргізу кезінде оны ассистент ретінде қатыстыруын өтінген. Отадан кейін азаматша Н.-ның беті ісіп кеткендіктен, ол А.-дан медициналық лицензиясы жоқ бола тұра, бұлшық етіне цефтриаксон және лидокаиннің қоспасын енгізуді сұраған. Инъекциядан кейін азаматша Н.-ның жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Өскемен қалалық №1 ауруханасына жеткізілген науқас 17 сәуір күні таңертең қайтыс болды.

«Сот азаматша А.-ның кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін ескеріп, оған 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру және 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары