$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.08.2024, 11:19
Қоғам

«Жасыл ел» жобасы Қосшы жастарының жазғы демалысын тиімді өткізуге мүмкіндік берген

«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылы басталған болатын 

«Жасыл ел» жобасы Қосшы жастарының жазғы демалысын тиімді өткізуге мүмкіндік берген
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Тайтөбе мәдениет үйінде «Жасыл ел» жобасының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шараға мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы комитетінің төрағасы Ақұлан Тастемір қатысып, жұмыс істеген жастарға алғыс хат табыс етті.

«Жасыл ел» жобасының мақсаты - еңбек жасақтарын танымал ету және қала жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды еңбекке баулу.

Мемлекет басшысының бастамасымен жанданған «Жасыл ел» еңбек жасақтары жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыыратын, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын жобаға айналды.  «Жасыл ел» еңбек жасағы қала көшелерін тазартып, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге ат салысты. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жасақтары қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізумен қатар, қаламыздың тұрғындарына арнап «ТАЗА - ҚОСШЫ» атты бейнетаспа түсірген.

Олар тек жұмыспен ғана шектелмей, қоғамдық өмірге араласу үшін түрлі экологиялық акциялар мен челлендждер, тренингтер сияқты қызықты іс-шаралар өткізді. Сол шаралардың бірінде Жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен жасыл ел еңбек жасағының қатысушылары қалалық ардагерлер алқасының ақсақалдарымен кездесті.

Кездесу барысында отбасы құндылықтарын насихаттау, өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрлердің кеңінен таралуына ықпал ету, жастарды еңбеккерлікке баулу, қаламыздың патриоттары болуға шақыру төңірегінде ой қозғалып, қазыналы қарттарымыз жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

Биыл жазда Қосшы және Тайтөбе мектептеріндегі 14 жастан асқан сексен бала 80 000 теңге жалақы алған. Сондай жастардың арасында тайтөбелік Аружан Боранбаева да бар.

«Менің жасым 19-да. Астана қаласындағы Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында оқимын. Тайтөбе ауылында тұрамын. «Жасыл ел» жазғы демалысымды барынша пайдалы өткізуге көмектесті. Сондықтан да маған осындай мүмкіндік беріп,  еңбек етіп оған ақы алуға жағдай жасаған  Қосшы қаласы әкімдігіне және Жастар ресурстық орталығына өзімнің зор алғысымды білдіргім келеді. Жазғы демалысымды тиімді пайдаландым. 40 бала бірігіп жұмыс істедік, өзіме жаңа достар таптым және өзімді жаңа қырымнан көрсете алдым. Қаламыздың барынша таза болуына, тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артуына сәл де болса үлесімді қоса алдым. Қаншама қоқыстарды жинап, әртүрлі зияткерлік іс-шараларға қатыстық. Келесі жылы да бұл жобаның жалғасқанын қалаймыз. Бұл жұмыс, жастарды уақытын тиімді пайдалануға, тәрбие ретінде беретін мәні бар жақсы жұмыс. Келесі жылдары «Жасыл» елдегі жастар саны артып, бұл жұмыс ары қарай гүлдене берсін дегім келеді»,- дейді Аружан.

Айта кетсек,  «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы аралықта бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың біріне айналып үлгерді. 20 жылға жуық уақыт ішінде жоба  жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Жоба Қосшыда келер жылы тағыда жалғасады.

Серіктес жаңалықтары