«Тегін бермеңіздер, ұят болады»: елордада Тәжікстанның ұлттық тағамдарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Өз кезегінде оқырмандар іс-шараның дүрбелеңсіз өтуіне тілектес екендерін жазып, түрлі пікірлерін қалдырған

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада ауыл шаруашылығы өнімдерінің, ұлттық қолөнердің және Тәжікстанның ұлттық тағамдарының жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жәрмеңкеде жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніс, табиғи бал, жаңғақ, кептірілген жеміс, түрлі дәмдеуіштер және т.б. бар. Сондай-ақ, ұлттық қолөнер бұйымдарын – былғарыдан, керамикадан, ағаштан жасалған бұйымдар, қолдан тігілген кілемдер, кәдесыйлар сатып алуға болады.

«Іс-шарада елорда тұрғындары мен қонақтары сол сияқты жаңа өнімдер, кәдесыйлар мен қолдан жасалған бұйымдар, дәстүрлі тәжік тағамдарын сатып ала алады. Жәрмеңке «Барыс-Арена» спорт кешеніне іргелес аумақта 10 тамыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін, 11 тамыз күні сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде оқырмандар іс-шараның дүрбелеңсіз өтуіне тілектес екендерін жазып, түрлі пікірлерін қалдырған.

«Тегін бермеңіздер, ұят болады... Осы ақпаратты естісем, былтырғы жылғы жабайылық еске түседі... Жоқ биыл жабайылар келмепті, бәрі әдемі өтіп жатыр...», - деп жазған оқырмандар.

Еске сала кетейік, былтыр тамыз айында EXPO маңына жиналған жұртшылық Тәжікстанның ұйымдастырған ауыл шаруашылығы көрмесінің тас-талқанын шығарған болатын.