$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.05.2020, 18:15
Қоғам

Карантиннен кейінгі кәсіп: Елордада шаштараз, дүкен, ломбард жұмысы қайта жанданды

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтанда қызмет көрсететін бірқатар нысандар жұмысына қайта кірісті

4 мамырдан бастап еліміздің барлық өңірінде бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысы қайта жандана бастады. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы шаштараз және гүл сататын орындардың жұмыс күні қалай өтіп жатқанын біліп қайтты.

Нұр-Сұлтанда карантинге байланысты жабылған шағын бизнес қайта ашылып жатыр. Бүгіннен бастап медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар, шаштараздар, гүл сататын дүкендер, нотариустар, ломбардтар мен айырбастау пункті секілді кәсіпкерлік субъектілер өз жұмысын бастады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімідігінің ресми сайтында көрсетілгендей, 4 мамыр сағат 00:00-ден бастап санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды күшейте және қызметкерлердің орталықтандырылған тасып таратылуын ұйымдастыра отырып төмендегідей қызмет түрлері жұмыс істейді:

  • сағат 17:00-ге дейін жұмыс кестесімен жалпы алаңы 500 м² дейін азық-түліктік емес дүкендер (барлық бағыттар);
  • шаштараздар, тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары (алдын ала жазылу бойынша, залда 3 клиенттен көп емес болуы, үй-жайларды күнделікті өңдеу);
  • жеке сот орындаушылары (алдын ала жазылу бойынша);
  • адвокаттар (алдын ала жазылу бойынша);
  • медициналық орталықтар (алдын ала жазылу бойынша);
  • стоматологиялық клиникалар (алдын ала жазылу бойынша);
  • жарнама агенттіктері (алдын ала жазылу бойынша);
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары және төлем терминалдарына қызмет көрсету;
  • фотосалондар және гүл дүкендері;
  • клинингтік қызметтер;
  • көшедегі спорт сабақтары мен жаттығулар;
  • ұялы телефондарды жөндеу және аксессуарларды сату, кілттерді, сағаттарды, құлыптарды және т. б. жөндеу және дайындау.

Штаб шешімі бойынша, тек қана кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет көрсету үшін Мәңгілік Ел даңғылы, № 30 («Есіл» ауданының №1 бөлімі) мекенжайы және тек қана автосалондар үшін қызметтер көрсету үшін 20-40 к-сі, № 2 (мамандандырылған бөлім) мекенжайы бойынша орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта басталады.

Айта кетейік, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимі енгізілген болатын. Коронавирустың жаппай таралуынан кейін еліміздің өзге де өңірлерінде бұл шара қолданылды. 

Серіктес жаңалықтары