Қазақстандық оқушы NASA-да тағылымдамадан өтті
Сымбат Барсағазы ең үздік 40 оқушының арасынан таңдалған

Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сымбат Барсағазы жуырда Хьюстонда United Space School бағдарламасы аясында өткен NASA халықаралық тағылымдамасына қатысып, оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол әлемдегі ең үздік 40 оқушының арасынан таңдалған. Осылайша, аэроғарыш технологиялары мен зерттеулеріне енудің бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Екі апталық тағылымдамада Сымбат топ құрамында Марсқа миссияны жобалау үшін жұмыс істеді. Мектеп оқушылары осы планетаға миссия жасауды көздейтін жобамен айналысты.
«Мен үшін ең маңызды сәттің бірі – «Аполлон» кезінде қолданылған миссияны басқару ғимаратына бару. Маңызды шешімдер қабылданған бұл тарихи орын мені ғарыш зерттеулерінің қаншалықты ұлы екенін сезінуге шабыттандырды. NASA-да 50 жылдан астам жұмыс істеген аэроғарыш ғылымдарының инженері және сарапшысы Том Санзонмен танысу мәртебесі бұйырды. Ол ғарышкерлерді Айға жөнелту бойынша, соның ішінде Нил Армстронгты жаттықтырды. Оның осындай ірі ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі мен білімі мені ойландырып, инженерияда көптеген мүмкіндік бар екеніне көзімді жеткізді», - деп бөлісті Сымбат.
Болашақта Сымбат осыған ұқсас Білім беру бағдарламаларына қатысып, Американың басқа қалаларын да көргісі келеді. Ол сондай-ақ United Space School тағылымдамасына қайта оралуға ниетті.
Айта кетерлігі, Сымбат Барсағазы NASA байқауында Aenoica ғылыми жобасымен жеңіске жетті. Оны әлемдегі жас зымыран жасаушылар арасында үздік атанған Рамазан Әміремен бірге дайындаған.