Қазақстанның 3 өңірінде терроризмді насихаттаған топ ұсталды – ҰҚК
5 күдікті қамауға алынды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астанада терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру фактілері бойынша 5 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанның 5 азаматы ұсталды. Олар соттың санкциясымен қамауға алынды», - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметтері бойынша, олар террористік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды тартқан. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Екі күдікті бұрын кісі өлтіру, тонау және бұзақылық жасағаны үшін сотталған. Тағы біреуі бұған дейін шетелдік террористік лагерьлерде дайындықтан өткен.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша жүргізіледі:
- 174 – «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру»;
- 256 – «терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру»;
- 259 – «террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды тарту немесе даярлау не қару-жарақ жасау».