Бангладеште қонақ үй өртенді: кем дегенде 24 адам мерт болды (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Тағы 50 адам зардап шекті

Фото: видеодан скриншот

Бангладештің Джессор қаласында жаппай наразылыққа шыққан тұрғындар бес жұлдызды Zabeer International қонақ үйін өртеп жіберді. Салдарынан кем дегенде 24 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Daily Sun хабарлауынша, тағы 50-ден астам тұрғын жарақат алды.

Қайғылы оқиға жақында елден қашып кеткен премьер-министр Шейх Хасинаның отставкасын тойлау кезінде болды. Қонақ үйді кімнің өртегені әзірге белгісіз.

Қонақ үй «Авами Лиг» басқарушы партиясының мүшесі Шахин Чакладарға тиесілі. Наразылық білдірушілер саясаткердің үйі мен кеңсесін де өртеп жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, Бангладештегі наразылық акциясы шілдеде басталды. Демонстранттардан қашқан премьер-министр Шейх Хасина елден ұшып кетті. Әзірге оның қайда жасырынғаны белгісіз.

Видео: @DhakaPostOfficial