Бангладеште наразылыққа шыққан 100-ге жуық адам мерт болды

Azattyq Rýhy

Олар премьер-министр шейх Хасинаның биліктен кетуін талап етуде 

Бангладеште наразылыққа шыққан 100-ге жуық адам мерт болды
Фото: АР

Бангладештің бірнеше қаласында тұрғындар жаппай наразылыққа шықты. Полицейлермен және билеуші партия белсенділерімен қызу қақтығыс салдары 99 адамның өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, оның ішінде 14 полиция қызметкері бар.

Наразылық білдірушілер сенбі күні үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Артынша, елдің түкпір-түкпірінде қақтығыстар басталды. Мыңдаған наразылық білдіруші көшелерге шықты.

«Сираджганжда барлығы 22 адам қаза тапты, оның ішінде 13 полиция қызметкері бар. Округтегі полиция бөлімінде қызметкерлер өлтірілді. Ел астанасы Даккада кем дегенде 11 адам, Фени мен Лакшмипурда 8 адам мерт болды», - деп жазды жергілікті БАҚ.

Наразылық білдірушілер отставкасын талап еткен премьер-министр шейх Хасина – 76 жаста, ол 15 жыл бойы билік басында. 

Еске салайық, Бангладештегі наразылық акциялары шілде айында басталды. Алғашқы демонстранттар студенттер болды, содан кейін наразылықтар бүкіл елге таралды. Олар квота жүйесіне қарсы. Сонымен қатар үкіметті елдегі жұмыссыздық үшін сынаған. 170 миллион халқы бар елде 32 миллион адамның жұмысы немесе кәсіптік білімі жоқ.

АР хабарлауынша, соңғы аптада елде кем дегенде 11000 адам қамауға алынған. Шілдеден бері бүкіл ел аумағы бойынша мектептер мен университеттер жабылған. Ел билігі интернетті бұғаттап, коменданттық сағат енгізген. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.