«Қонақ қабылдауға мүмкіндік бермейтін мәселе бар»: эколог Ақтауға туристерді шақырмауға кеңес берді

Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Ақтауда су тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр

«Қонақ қабылдауға мүмкіндік бермейтін мәселе бар»: эколог Ақтауға туристерді шақырмауға кеңес берді
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысы бойынша Еcojer қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов әлеуметтік желілердегі Ақтаудың жарнамасы және туристерді Каспий жағалауына баруға шақыру туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Сарапшының айтуынша, желіде блогерлер Ақтаудың әдемі көріністерін түсіріп, туристерді қалаға келуге шақыратын роликтер көбейіп келеді.

Алайда, Әділбек Қозыбақовтың пікірінше, өңірде қонақтарды қабылдауға мүмкіндік бермейтін бір маңызды мәселе бар.

«Танымал қазақстандық блогер Серғазы Тоқтарбек (Seka) 15-шағын ауданның жағалауын түсіріп, қаланың сұлулығы мен тазалығын көрсетіп, Ақтауға келуге шақырып жатқан бейнеролигі желіде тарады. Мен тұрғын және патриот ретінде бір жағынан қолдаймын, бірақ екінші жағынан ол тек артықшылықтарды көрсетеді, одан бөлек кемшіліктер де бар ғой. Ең алдымен, ол – судың жетіспеушілігі. Менің ойымша,  ауыз су мәселесін шешпей тұрып туристерді шақырудың қажеті жоқ. Су тапшылығын ескере отырып, жаңа тұрғын үй кешендерін «баяулату» керек», - дейді Әділбек Қозыбақов.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Ақтауда су тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Шілде айында қала тұрғындары судың жоқтығынан жолды жауып тастаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.