«Қызметкердің бетіне соққы жасаған»: Көкшетау тұрғыны полицияға қарсылық көрсеткені үшін қамауға алынды

Azattyq Rýhy

Оқиға ойын-сауық орындарының бірінің жанында болған

«Қызметкердің бетіне соққы жасаған»: Көкшетау тұрғыны полицияға қарсылық көрсеткені үшін қамауға алынды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Көкшетау қаласының полиция басқармасы 34 жастағы азаматқа қатысты алдын ала тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық ПД-ға сілтеме жасап.

Оқиға ойын-сауық орындарының бірінің жанында болған. Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында патрульдік полиция батальонының экипажы топтасқан жастарды байқаған. Заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, инспекторлар мас күйде болған азаматты наркологиялық диспансерге жеткізуді шешкен. Алайда, тәртіп бұзушы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға физикалық қарсылық көрсетіп, бір қызметкердің бетіне соққы жасаған.

«Аталған жағдай ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты күш қолдану немесе оған қоқан-лоқы жасау) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкері медициналық көмекке жүгінген. Тергеу аясында сараптамалар тағайындалып, күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.